Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

Түркістанда қос мереке: Заманауи атшабар ашылып, Көкпардан әлем чемпионы анықталды

Түркістан төрінде Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Мереке аясында қаладағы жаңа, халықаралық стандарттарға сай заманауи атшабардың ресми ашылу рәсімі өтті.

Тарихи сәтпен ұштасқан мәдени-көпшілік шараға мыңдаған көрермен жиналды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанның ашылуымен және Наурыз мейрамымен жұртшылықты құттықтады.

Облыс басшысы өз сөзінде Түркістанның түркі әлеміндегі стратегиялық маңызына және жаңа нысанның спорттық әлеуетіне тоқталды.

«Бүгін Түркістан төрінде заманауи атшабар ашылып отыр. Бұл нысанда ұлттық спорт түрлерінен әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде мұнда онға жуық халықаралық дода өтуде. Дәл бүгін Көкпардан әлем чемпионы анықталғанын зор мақтанышпен айтамын!» – деді Нұралхан Көшеров.

Сондай-ақ әкім ел дамуының жаңа белесі ретінде қабылданған жаңа Конституцияның маңызын, оның әділетті қоғам құрудағы рөлін ерекше атап өтті.

Жаңа кешен тек спорттық нысан емес, ұлттық мәдениетті жаңғыртатын бірегей орталыққа айналмақ. Мұнда ат спорты ойындарымен қатар ірі фестивальдер мен халықаралық деңгейдегі туристік жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.

Думанды кеш көптеген қызықты оқиғаларға толы болды:

  • Өңірлер өнері: Сауран, Ордабасы және Созақ аудандарының шығармашылық ұжымдары ұлттық ән-күй мен термеден шашу шашты.

  • Мәдени шоу: «Қош келдің, көктем» қойылымы мен жүздеген өнерпаз қатысқан сахналық көріністер көрерменді тәнті етті.

  • Этно-фешн: Ұлттық киімдердің заманауи форматтағы сән көрсетілімі өтті.

Кеш соңында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Ернар Амандық, Ізбасар Кеңесов, Қазыбек Құрайыш, Артур және Әлем өнер көрсетті. Мерекенің түйіні Түркістан тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды отшашу шоуымен аяқталып, қала аспанын нұрға бөледі.