Әлеуметтік саясатты жетілдіру, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беру саласының сапасын арттыру — «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, заманауи технологияларды енгізу және медицина мамандарының кәсіби әлеуетін күшейту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде еліміздің өңірлерінде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артып, күрделі операциялар жергілікті деңгейде сәтті жүзеге асырылуда.
Түркістан облысында да денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері онкологиялық дерттің IV сатысындағы науқасқа жоғары технологиялық күрделі операцияны сәтті жасап, медицина саласындағы кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетті.
43 жастағы науқасқа «тік ішектің аденокарциномасы, бауырға метастаздар» диагнозы қойылған. Бұған дейін ол ҚазНИИОиР базасында 6 курс химиотерапиялық ем қабылдаған. Науқастың жағдайы тұрақты бақылауда болып, өңір дәрігерлері тарапынан кешенді тексерулер жүргізілді. Заманауи диагностикалық әдістердің көмегімен аурудың таралу деңгейі толық анықталып, әрі қарай емдеу тактикасы белгіленді.
Дәрігерлер консилиумы науқасқа бір мезгілде бірнеше күрделі хирургиялық араласу жасауды ұйғарған. Нәтижесінде тік ішек пен бауырға қатар симультанды операция жүргізу туралы шешім қабылданды. Мұндай операциялар жоғары кәсіби дайындықты, тәжірибені және заманауи медициналық жабдықтарды талап етеді.
Операция барысында дәрігерлер тік ішекке резекция жасап, колостома қалыптастырды. Сонымен қатар бауырдың бірнеше сегментіне күрделі резекция жүргізіліп, метастаздар толық алынды. Мамандардың айтуынша, ісік бауырдың шамамен 70 пайызын қамтыған. Соған қарамастан, хирургиялық топ ісікті толық алып тастауға қол жеткізді.
Мұндай жоғары технологиялық және көпсатылы операциялар еліміздің өңірлерінде сирек жасалады. Сондықтан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында осындай күрделі отаның сәтті өтуі – өңір медицинасының әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің, тәжірибесінің және медициналық инфрақұрылымның дамуының нақты нәтижесі.
Отадан кейін науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті ем-шаралар толық жүргізілді. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақтанып, қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылған. Бұл – дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің және заманауи емдеу тәсілдерінің тиімділігін дәлелдейді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауруханалар жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, цифрлық технологиялар енгізілуде. Сонымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыру, шетелдік және республикалық жетекші орталықтармен тәжірибе алмасу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің өңірде қолжетімді болуы тұрғындардың ірі мегаполистерге бармай-ақ сапалы ем алуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Медицина саласындағы мұндай жетістіктер «Әділетті Қазақстан» реформасының әлеуметтік бағыттағы бастамаларының нақты нәтижесі болып саналады. Өңірлерде заманауи медициналық қызметтердің дамуы азаматтардың денсаулығын нығайтуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және сапалы медициналық көмекті баршаға қолжетімді етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Түркістан облысының дәрігерлері күрделі операцияларды сәтті орындап қана қоймай, жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу арқылы өңірлік медицинаның дамуына тың серпін беріп келеді. Бұл – денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған мемлекеттік қолдаудың және медицина қызметкерлерінің кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі.
