Санкт-Петербургте Қазақстанның төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесінің VII отырысы өтті.
Жиынға ТМД мемлекеттерінің орталық сайлау органдарының жетекшілері мен өкілдері, ТМД Атқару комитеті және ТМД Парламентаралық ассамблеясы басшылығы, сондай-ақ электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобының мүшелері қатысты. Отырысқа Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер мен Сербия Республикалық сайлау комиссиясының мүшесі Велько Перович те қатысып, халықаралық тәжірибемен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, ұйымдастыру жұмыстары ұлттық заңнама мен бекітілген күнтізбеге сай жүргізілуде. Ашықтықты қамтамасыз ету, комиссия мүшелерін даярлау және мүгедектігі бар азаматтарды қоса алғанда, барлық сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне басымдық берілген.
Нұрлан Әбдіров халықаралық байқаушылармен өзара іс-қимылға дайын екенін атап өтіп, бұл референдумды жоғары деңгейде және халықаралық стандарттарға сәйкес өткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Пікірталас барысында Армения, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь сайлау органдарының басшылары алдағы науқандар, реформалар және технологиялық жаңашылдықтар туралы ақпарат ұсынды. Баяндамаларда дәстүрлі қағаз бюллетеньдерді қолдану, онлайн тетіктерді енгізу, сайлауаралық кезеңдегі жұмыс, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және электоралдық институттарға сенімді күшейту мәселелері қозғалды.
ТМД ПАА Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий халықаралық байқау қағидаттарына қатысты декларация жөнінде мәлімет берді. Беларусь ОСК хатшысы Елена Балдовская Консультативтік кеңестің Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығымен ықпалдастығын қарастыруды ұсынды. Бұл бастаманы қосымша зерделеу туралы шешім қабылданды.
Іс-шара аясында «Сайлау және референдум институтына сенім: халықаралық байқаудың рөлі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Сонымен бірге жасанды интеллектінің сайлау процесіндегі қолданылуы мен құқықтық реттелуіне арналған дөңгелек үстел өтті. Негізгі баяндаманы ҚР ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов жасап, ЖИ технологияларының цифрлық сервистер, аналитика, киберқауіпсіздік және жалған ақпаратпен күрес бағыттарындағы әлеуетіне тоқталды.
Конференция алдында электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтіп, жастарды сайлау процестеріне тартудың тетіктері талқыланды. Қазақстандық өкілдер жас сайлаушылар клубтарының рөлі мен электоралдық мінез-құлықты ғылыми зерттеудің маңызын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Нұрлан Әбдіров талқылаулардың мазмұндылығын және тәжірибелік мәнін ерекше атап өтіп, ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастық азаматтардың сайлау және референдум институттарына деген сенімін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Отырыс соңында қатысушыларға «Қазақстандағы сайлау: қысқа да нұсқа» кітабы табысталып, сайлау технологияларының дамуына арналған көрме ұсынылды.
