Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

СҮТКЕНТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елімізде саяси реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту және билік пен халық арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар ерекше маңызға ие. Осы реформалардың маңызды тетіктерінің бірі – ауылдық округ әкімдерін халықтың тікелей сайлауы.

Бүгінде бұл бастама елдегі демократиялық үдерістердің нығаюына, тұрғындардың саяси белсенділігінің артуына және жергілікті мәселелерді шешуде халық пікірінің ескерілуіне жол ашып отыр. Осы бағыттағы маңызды саяси науқанның бірі Шардара ауданына қарасты Сүткент ауылдық округінде өтті.

2026 жылғы 19 сәуір күні Сүткент ауылдық округінде әкім сайлауы ұйымдастырылып, тұрғындар өз таңдауларын жасады. Сайлау науқаны заң талаптарына сай ашық әрі әділ өтті. Бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетті.

Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 20 сәуірдегі №66 шешіміне сәйкес, сайлаушылардың басым дауысын иеленген Қарымсақов Мырзағали Молдазымұлы Сүткент ауылдық округінің әкімі болып сайланды.

Жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беру арқылы әкім таңдау мүмкіндігі – елдегі саяси жаңғырудың нақты көрінісі. Мұндай қадамдар халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін арттырып, әкімдердің жауапкершілігін күшейте түседі. Өйткені ендігі таңдауды халық жасайды, ал әкім тұрғындардың сенімін ақтау үшін нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс.

Жаңадан сайланған ауыл әкімімен Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев арнайы кездесіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Кездесу барысында аудан басшысы халық сеніміне ие болған әкімнің алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын атап өтті.

Арман Романұлы өз сөзінде Сүткент ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, ауыл инфрақұрылымын жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде шешу – басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуі тиіс екенін айтты.

Аудан әкімі жаңадан сайланған әкімнің жинақтаған тәжірибесі мен мемлекеттік қызметтегі біліктілігі Сүткент ауылдық округінің дамуына оң серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ өңірді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік қолдау тұрақты түрде көрсетілетінін атап өтті.

Сүткент ауылдық округінің жаңа әкімі Мырзағали Молдазымұлы – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсы білетін, мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі маман.

Қарымсақов Мырзағали Молдазымұлы 1969 жылы 12 қаңтарда Шардара ауданына қарасты Сүткент кеңшарында дүниеге келген. Жоғары білімді. Еңбек жолын туған ауылында бастап, 1985-1986 жылдары Сүткент кеңшарының №3 фермасында жұмысшы болып еңбек етті.

Мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамдарын 1994 жылы бастап, әр жылдары Шардара аудандық әкімшілігінің жалпы бөлімінде және ішкі саясат бөлімінде бас маман қызметтерін атқарған. Кейін аудан әкімі аппаратында аумақты дамыту, кадрлық жұмыс, ұйымдастыру және жалпы бөлімдерде жауапты қызметтерде еңбек етті.

2004-2008 жылдары аудан әкімінің көмекшісі және ұйымдастыру-кaдр жұмыстары бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарса, 2009-2017 жылдары аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі және басшысы болды. Ал 2017 жылдан 2025 жылға дейін аудан әкімі аппаратының әкімшілік және жалпы бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

2025 жылдан бастап аудан әкімі аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметінде еңбек етіп келді. Бұл бағыттағы тәжірибе оның халықпен тығыз жұмыс істеуіне, тұрғындардың талап-тілегіне жедел назар аударуына және мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтық қағидаттарын терең меңгеруіне мүмкіндік берді.

Сондай-ақ бұл қызмет «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаларын іс жүзінде жүзеге асыру тәжірибесін қалыптастырды. Тұрғындардың арыз-өтініштерімен жұмыс істеу, мәселелерді заң аясында шешу және халықпен тиімді кері байланыс орнату – жаңа әкім қызметіндегі басты бағыттардың бірі болмақ.

Алдағы уақытта Сүткент ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, ауызсу, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді деп күтілуде. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылды абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жастарды жұмыспен қамту мәселелері де жаңа әкім жұмысының басым бағыттарының қатарында болады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Жалпы, Сүткент ауылдық округі әкімінің сайлауы – елдегі саяси реформалардың нақты нәтижесін көрсететін маңызды қадамдардың бірі. Халықтың өз таңдауын жасап, жергілікті басқару ісіне белсенді қатысуы қоғамдағы демократиялық құндылықтардың нығайып келе жатқанын аңғартады. Ал жаңа әкімнің алдында ел сенімін ақтап, ауылдың өркендеуі жолында нәтижелі еңбек ету міндеті тұр.