Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға және экономиканың басым салаларын қолдауға бағытталған жаңа «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама микро, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолжетімді қаржыландыру ұсынып, жаңа өндірістерді іске асыруға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге және инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бағдарлама аясында түпкі қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6 пайыздан аспайды. Бұл кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтып, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
«Өрлеу» бағдарламасын қаржыландырудың жалпы көлемі 750 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 300 млрд теңге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бөлінсе, қалған 450 млрд теңге екінші деңгейлі банктердің бірлесіп қаржыландыруы есебінен қамтамасыз етіледі.
Бағдарлама кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдетілген несие алуға, айналым қаражатын толықтыруға және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап рәсімделген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама талаптарына сәйкес инвестициялық мақсаттарға берілетін қарыздың ең жоғары мөлшері 7 млрд теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 млрд теңгеге дейін қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6 пайыздан аспайды. Қаржыландыру мерзімі инвестициялық жобалар үшін 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін белгіленген. Ал қайта қаржыландыру мерзімі бұрынғы қарыздың қалған мерзімінен аспайды.
Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы экономиканың басым секторларында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында тамақ өнімдерін, тоқыма және тігін бұйымдарын, химия өнеркәсібі өнімдерін, фармацевтикалық препараттарды, резеңке және пластмасса өнімдерін, электр жабдықтары мен жиһаз өндірісін дамытуға қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар бағдарлама көлік және қоймалау саласын, жүк және жолаушылар тасымалын, қоймалау қызметтерін, туризм индустриясын, қонақ үйлер мен кемпингтердің қызметін, мемлекеттік білім беру тапсырысы бар білім беру ұйымдарын, сондай-ақ медициналық орталықтар мен көпбейінді клиникаларды дамытуға мүмкіндік береді.
«Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей несие беруші қаржы ұйымдарына жүгінуі қажет.
Жаңа бағдарлама Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету және шағын әрі орта бизнесті қолдау міндеттерімен үндеседі. Кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыру тетіктерін ұсыну, өндірісті кеңейтуге жағдай жасау және инвестициялық белсенділікті арттыру ел экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің кәсіпкерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
