Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саармен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы бұл сапар Израиль тарапынан Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті тереңдетуге деген қызығушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Президент Астана қаласында Қазақстан–Израиль бизнес форумын ұйымдастыру бастамасын қолдап, бұл алаң инвестициялық байланыстарды нығайтуға және іскерлік серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Гидеон Саар Израильдің Қазақстанмен мемлекетаралық байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге шығару ниетін білдірді.
Сондай-ақ Израильдің сыртқы істер министрі Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын өңірлік және халықаралық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды әрі көреген қадам ретінде бағалады.
Кездесу барысында Гидеон Саар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, олардың табысты іске асуына қолдау білдірді. Сонымен қатар тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
