Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» атты бірыңғай тұжырымдама әзірленді. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалып, Үкімет отырысында таныстырылды. Тұжырымдаманы әзірлеуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен бірқатар салалық мемлекеттік органдар қатысқан.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа құжат балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік шараларды бір жүйеге келтіруге арналған. Тұжырымдама қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы институтын қолдау және әлеуметтік қорғау секілді негізгі бағыттарды қамтиды. Жоспардың нәтижелілігін бағалау үшін 10 көрсеткіш айқындалып, оны іске асыру аясында 158 іс-шара жүзеге асырылады. Осы мақсаттарға 1,3 трлн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Бағдарлама шеңберінде балалар арасында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, мектептерде педагог-психологтардың жұмысын күшейту, жас ұрпақты адалдық пен жауапкершілікке баулу көзделген. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету кабинеттерін ашу, психологиялық жағдайды бағалауға арналған бірыңғай цифрлық платформа қалыптастыру және ерекше бақылауды қажет ететін балаларды тәлімгерлермен толық қамту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, буллингтің алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтерін енгізу, сондай-ақ интернет кеңістігінде заңсыз контенттің таралуына жол берген платформаларға қойылатын талаптарды күшейту мәселелері қарастырылған.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Қазақстан балалары» бағдарламасы балалар құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді бағытын айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет бұл құжатты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында берген тапсырмасына сәйкес бекіткен.
Ерлан Қариннің пікірінше, бағдарлама балаларға қатысты қолданыстағы тетіктерді біріктіріп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ құжат балалар мүддесін басты орынға қоятын бірыңғай мемлекеттік көзқарасты қалыптастыруға бағытталған және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үйлеседі.
2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары балалардың құқықтық қорғалуын арттыруды, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруді, денсаулық сақтау мен балалар инфрақұрылымын дамытуды қамтиды. Сонымен қатар балалар маршрутын цифрлық сүйемелдеу, онлайн қауіпсіздікті күшейту және осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жаңарту көзделген.
Жалпы, «Қазақстан балалары» бағдарламасы өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді әрі стратегиялық маңызы бар құжат саналады. Балалар құқығын қорғау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында екені де атап өтілді.
