Rasmedia.kz
ЖаңалықтарСаясатЭкономика

Қазақстан мен Моңғолия уақытша еркін сауда режиміне өтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен оған мүше мемлекеттер және Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы заңға қол қойды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, құжат ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Келісімнің негізгі міндеті – өзара сауда көлемін арттыру, сондай-ақ қазақстандық өнімдердің Моңғолия нарығына шығуына қолайлы жағдай қалыптастыру.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, келісім аясында екі ел арасындағы кедендік баждардың шамамен 90%-ы алып тасталады. Сонымен қатар, құжатта ішкі нарықты қорғау тетіктері де қамтылған. Атап айтқанда, техникалық реттеу, санитарлық және өзге де шектеу шаралары қарастырылған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл қадам экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтіп, кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашады.