Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарЭкология

Қаладағы экобақылау: Алматыда арнайы бекеттер жүйесі жұмыс істейді

Алматы қаласында атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясындағы экологиялық талаптардың сақталуын «Eco Almaty» ЖШС бақылауға жауапты. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады.

Ведомство мәліметінше, «Eco Almaty» – мемлекеттік қатысуы толық ұйым. Серіктестік экологиялық нормалардың бұзылу деректері тіркелген жағдайда уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс істейді. Атап айтқанда, Экология департаментіне, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және Полиция департаментіне тиісті қолдау көрсетеді.

Бақылау бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Олардың қатарында жеке және қоғамдық көліктер, коммерциялық автокөліктер мен коммуналдық техника секілді жылжымалы шығарындылар көздері бар. Сонымен бірге өндіріс орындары мен басқа да стационарлық шығарындылар нысандары қадағаланады. Бұдан бөлек, қалдықтарды жағу, өздігінен тұтану, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану сияқты ұйымдастырылмаған шығарындыларға да мониторинг жүргізіледі.

Экологиялық талаптардың сақталуын тексеру үшін қала аумағында арнайы бекеттер жүйесі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Алматыда 19 стационарлық және 4 жылжымалы бекет жұмысын атқаруда. Атап айтқанда, автокөліктерден бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін өлшеу үшін арнайы спектрометрлер қолданылады. Ал стационарлық шығарындылар көздерін бақылау барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәсілдер ауа құрамындағы ластаушы элементтердің шоғырлануын дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, мұндай технологиялық шешімдер қаладағы экологиялық жағдайды тұрақты бақылауға жағдай жасайды. Сонымен қатар анықталған бұзушылықтарға жедел ден қоюға және тиісті шаралар қабылдауға жол ашады.

Мамандардың айтуынша, жүйелі мониторинг атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға және экологиялық талаптардың орындалуын күшейтуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығын қорғау мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.