Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетТуризм

Алматы туризмінде 2025 жыл: көрсеткіштер мен жаңа жетістіктер

2025 жылы Алматының туризм саласы оң динамика көрсетіп, келушілер саны айтарлықтай артты. Қалалық Туризм басқармасының мәліметінше, тоғыз айдың қорытындысы бойынша мегаполиске шамамен 1,87 млн турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға жоғары.

Келген қонақтардың басым бөлігі ішкі туристерге тиесілі. Атап айтқанда, 1,3 млн-нан астамы ел азаматтары болса, 563 мыңнан аса адам шетелден келген саяхатшылар. Мамандар мұндай өсімді қалаға деген қызығушылықтың артуымен және инфрақұрылымның жүйелі дамуының нәтижесімен байланыстырады.

Салаға тартылған инвестициялар көлемі де едәуір ұлғайған. Ресми дерекке сәйкес, туризм индустриясындағы капитал салымы 39,4 пайызға өсіп, 198,8 млрд теңгеге жетті. Жеке инвестициялар есебінен қонақ үйлер, хостелдер мен демалыс орындарын қамтитын 48 жаңа туристік нысан пайдалануға берілді. Бұл нысандарда жалпы саны 941 орналастыру орны қарастырылған.

Алматы халықаралық рейтингтерде де өз орнын нығайта түсті. Bloomberg басылымының бағалауынша, қала әлемнің үздік 25 бағытының қатарына енген. Сонымен қатар Booking.com платформасы Алматыны Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттардың бірі ретінде атады. CNN мен The Telegraph секілді жетекші медиа ресурстар да мегаполистің туристік әлеуетіне жоғары баға берді.

Қаладағы туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Алма-Арасан» термалды бұлағы қайта жаңартылып, бірқатар туристік маршруттар абаттандырылды. Экологиялық және цифрлық шешімдер аясында күн панельдерімен жабдықталған кемпингтер орнатылып, таулы аймақтарда қауіпсіздікке арналған есепке алу құрылғылары енгізілді.

Туристерге ақпараттық қолдау көрсету бағытында да жаңа жобалар іске асырылды. Қаланың 110 нысаны бойынша аудио гидтер әзірленіп, мыңдаған ақпараттық буклеттер шығарылды. Сонымен бірге негізгі көрікті орындардың тактильді үлгілері жасалып, инклюзивті туризмді дамытуға басымдық берілді.