Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларТуризм

ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту. Осы міндеттер аясында Түркістан облысында туризм саласын дамытуға, инвестиция тартуға және өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өткізді. Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар 50-ден астам отандық және шетелдік инвестор қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экотуризмді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық парктердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Кеңесте Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарында халықаралық стандарттарға сай туристік нысандар мен апарт-кешендер салу жоспарлары таныстырылды. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында Иірсу және Жабағылы ауылдары маңынан жалпы көлемі 701 гектарды құрайтын екі рекреациялық аймақ құру жобасы ұсынылды.

Иірсу рекреациялық аймағының аумағы 530 гектарды құрайды. Оның бір бөлігі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында инвесторларға ұсынылған. Аумақ қолайлы көлік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Ал көлемі 171 гектар болатын Жабағылы рекреациялық аймағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасып, туристер үшін тартымды бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда.

Сонымен қатар жиында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 9 гектар аумақта 400 апартамент пен 40 нөмірлі бутик-қонақүй салу жобасы ұсынылды. Жобаларды іске асыру өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев экотуризмнің табиғатты қорғау мен экономикалық дамуды қатар қамтамасыз ететін маңызды сала екенін атап өтті. Ол барлық инвестициялық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажет екенін айтып, инвесторлардың жауапкершілігіне ерекше назар аударды.

Жұмыс сапары аясында Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағын әуеден шолып, өңірдің табиғи және туристік мүмкіндіктерімен танысты.

Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен инвесторларға экотуризм жобаларын жедел іске асыру, туристік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық бастамалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.