Rasmedia.kz
ЖаңалықтарСаясат

Алматыда Жаңа Конституция жобасы талқыланды: Дархан Сатыбалды бастаған зиялы қауым «Достық» үйінде бас қосты

Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Ата заңның жаңа жобасына арналған «Жаңа прогрессивті Конституция – біздің бірлігіміздің негізі: білім, ғылым, инновациялар, мәдениет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Достық» үйінде ұйымдастырылған алқалы жиынға танымал ғалымдар, сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, реформаның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын саралады.

Жиынды ашқан мегаполис басшысы Дархан Сатыбалды Ата заңның қоғамдық сұранысқа сай жаңаруы — уақыт талабы екенін  айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституция технологиялық өрлеуге, жасанды интеллект пен жаппай цифрландыруға даңғыл жол ашады. Бұл — әділетті әрі өркендеген Қазақстанды құрудың басты кепілі», – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, әкім конституциялық өзгерістер тек құқықтық нормаларды жаңарту емес, билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың жаңа үлгісі екенін жеткізді. Қазіргі таңда Алматыда реформаның мәнін түсіндіру мақсатында ЖОО-лар мен ғылыми орталықтарда ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері реформаның бағытын бірауыздан қолдады:

  • Ақылбек Күрішбаев (ҰҒА президенті): Жаңа жоба елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттырып, зияткерлік дамуға серпін береді.

  • Мереке Құлкенов (Жазушылар одағының төрағасы): Ата заңдағы өзгерістер мәдениет пен руханият саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.

  • Мәриям Дуанбек («G-35» бірлестігінің үйлестірушісі): Жастар үшін бұл қадам — сапалы білім мен өзін-өзі дамытудың жаңа мүмкіндігі.

Жиын соңында қатысушылар Конституцияны жаңарту — заманауи құқықтық жүйе қалыптастырудың және қоғамдық бірлікті нығайтудың маңызды кезеңі деген ортақ байламға келді.