Мақтаарал ауданында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта өткен жылы басталған төрт мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда «Мырзакент» мектеп-гимназиясында, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясында, О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебінде және «Жаңа жол» жалпы орта мектебінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жөндеу барысында ғимараттардың сыртқы қабырғалары заманауи металосайдингпен қапталып, шатырлары мен қасбеттері жаңартылуда. Сонымен қатар мектеп аулаларын абаттандыру және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қатар атқарылуда.
Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков аталған білім беру нысандарын аралап, жөндеу жұмыстарының орындалу барысымен танысты. Жұмыс сапасы мен құрылыс қарқынын бағалаған ол мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының барлық кезеңі қолданыстағы құрылыс талаптары мен техникалық нормаларға толық сәйкес орындалуы қажеттігі атап өтілді. Сонымен бірге мердігер ұйымдарға нысандарды уақытылы аяқтап, пайдалануға сапалы күйде тапсыру міндеті жүктелді.
Аудан әкімінің орынбасары білім беру ұйымдарының жай-күйі мен оқушылардың қауіпсіз ортада сапалы білім алуы басты назардағы мәселелердің бірі екенін айтып, әрбір құрылыс жұмысының сапасына ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.
Бүгінде Мақтаарал ауданында білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта төрт мектепте күрделі жөндеу жүргізілсе, тағы тоғыз білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл шаралар мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, оқу процесінің тиімділігін арттыруға және оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Аудан басшылығы барлық құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік саясат аясында білім беру сапасын арттыру міндетімен сабақтас. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғырту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы оқу жағдайын жасау өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, адами капиталды дамытуға және өңірдің тұрақты әлеуметтік дамуына негіз қалайды.
