Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚ ӨКІЛДЕРІН КӘСІБИ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөлі мен ел дамуына қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.

Аудан әкімінің құттықтауында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, ел өміріндегі маңызды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді тұрғындарға жедел әрі шынайы жеткізуде ерекше қызмет атқаратыны атап өтілді.

– Журналистика – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Ақпарат кеңістігіндегі қажырлы еңбектеріңіз, кәсібилік пен адалдыққа негізделген қызметтеріңіз қоғамдық пікірдің қалыптасуына, ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне және мемлекетіміздің тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сіздер қоғамның тыныс-тіршілігін айшықтап, халықтың үнін билікке жеткізетін маңызды миссияны абыроймен атқарып келесіздер, – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар аудан әкімі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзінің бүгінгі күні де маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері елмен етене араласып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін көтеру арқылы қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға үлес қосып отырғаны айтылды.

Құттықтауда журналистердің қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға қосып жүрген еңбектеріне алғыс білдіріліп, олардың кәсіби қызметіне жоғары баға берілді.

Еркеғали Әлімқұлов бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.