Төлеби аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі, қазақ қыздарының сұлулығы мен нәзіктігінің символына айналған, қазақ өнеріндегі Қыз Жібек бейнесін сомдаған Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына орай «Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер» атты аудандық ақ әжелер байқауы өтті.
Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау, ұрпақ сабақтастығын нығайту және қоғамдағы әжелер институтының мәртебесін арттыру болды.
Байқауға аудан аумағындағы мәдениет мекемелерінен 11 әже қатысып, бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар сәлемдесу, зерделік сайыс, өз өнерін көрсету және қолданыстан сиреп бара жатқан ұлттық тағамдарды әзірлеу кезеңдерінде өздерінің білімін, өнерін, тәжірибесі мен шеберлігін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жамбыл ауылдық округінен қатысқан Тәттігүл Оралбаева иеленді. Сонымен қатар Қаратөбе ауылдық округінің өкілі Қойсынай Серікбаева І орынды жеңіп алса, Мәдени ауылдық округінен келген Күләш Шартахбаева ІІ орынға лайық деп танылды.
ІІІ орын Сарқырама ауылдық мәдениет үйінің атынан қатысқан Бекзада Есенгелдиева мен «Данагүл әжелер» ұйымының мүшесі Күлзипа Нұрсейтоваға бұйырды.
Сондай-ақ байқауда бірқатар арнайы номинациялар табысталды. «Ақ әже» номинациясымен Наталия Мұсаева марапатталса, «Дана әже» номинациясы Зәуре Пернееваға, ал «Асыл әже» номинациясы Түймен Ахметоваға берілді.
Байқауға қатысып, белсенділік танытқан барлық әжелер дипломдармен, сертификаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, қазақ халқының рухани мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосты. Көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған байқау әжелердің өнегелі өмір жолын насихаттап, олардың қоғамдағы орны мен тәрбиелік рөлін тағы бір мәрте айшықтай түсті.
