“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру. Бұл бағыт аясында өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын кәсіпорындарды дамытуға басымдық берілуде. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында ірі индустриялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің нақты нәтижелері көрініс табуда. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан қаласында Қытайдың жетекші өндірістік компанияларының бірі – Henan Sulipu Cable Co., Ltd. өкілдерімен маңызды кездесу өтті.
Кездесу барысында Түркістан облысында кабель өнімдерін өндіру және түсті металдарды терең өңдеу жөніндегі ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қаралды. Жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңа өндірістердің ашылуына, экспорт көлемінің артуына және экономиканың әртараптануына серпін береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысы бүгінде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңірлердің біріне айналып келеді.
Жоба екі кезең бойынша іске асырылмақ. Бірінші кезеңде кабель және түсті металл өнімдерін шығаратын заманауи өндірістік кешен салынады. Кәсіпорында мыс, жез және алюминий негізіндегі өнімдердің кең түрлері өндірілмек. Жоба аясында тәулігіне 30 тоннаға дейін таза мыс өңделіп, кабельдер, электр сымдары және мыс катанкалары дайындалады. Сонымен қатар жез катанкалары мен профильдері, алюминий табақтары, таспалары және сымдары шығарылады. Өндіріс орнының қуаттылығы тәулігіне 30 мың метрге дейін кабель және электр сымдарын өндіруге мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобаның екінші кезеңінде қорғасын-мырыш оксидін өндіретін жоғары технологиялық өндірістік кешен салу жоспарланып отыр. Экологиялық талаптарға сай жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 15 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болады. Бұл өндіріс өңірдегі түсті металл өңдеу саласының дамуына тың серпін бермек.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, облыста түсті металдарды терең өңдеудің жаңа өндірістік бағыты қалыптасады. Сонымен қатар мыс, алюминий және жез өнімдерін өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек жасақталып, жергілікті бюджет кірістерінің артуына мүмкіндік туады.
Кездесу барысында өндіріс орнын орналастыру, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін пайдалану және мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен талқыланды. Тараптар жобаны тиімді жүзеге асыру жолдарын қарастырып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің тиімді географиялық орналасуы мен өндірістік әлеуетіне тоқталып, облыстың Орталық Азиядағы маңызды логистикалық және өндірістік орталықтардың біріне айналып келе жатқанын атап өтті.
Соңғы жылдары Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және өңдеу өнеркәсібін кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артуда. Осы тұрғыдан алғанда, кабель өндірісі мен түсті металдарды терең өңдеуге бағытталған жаңа жоба өңірдің индустриялық дамуын жеделдетіп, экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі болмақ.
