“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл бағыт аясында өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан өндірістік парктер жобасы осы міндеттердің нақты көрінісі болып табылады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аудан және қала әкімдерінің, сондай-ақ жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өндірістік парктерді дамыту мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиында өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өндірістік аймақтарды қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Мәжіліс барысында өңірдегі өндірістік парктердің құрылысы мен олардың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Соның ішінде 150 нысан пайдалануға беріліп, кәсіпкерлердің игілігіне ұсынылды. Жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылған болса, бүгінгі күні оның 98-і іске қосылып, нақты өндіріс жұмысын жүргізуде.
Өндірістік парктер өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндіру, сэндвич-панельдер мен металл бұйымдарын шығару бағытындағы кәсіпорындар жұмысын бастаған. Ал Сауран ауданында жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару және металл өңдеу саласындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік әрі декоративті материалдар өндіретін цехтар іске қосылған. Сонымен қатар Отырар ауданында темір бұйымдарын шығару, құрама жем өндіру, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы кәсіпорындар жұмысын жүргізуде.
Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар ашылған. Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер шығару, матрас өндіру және пластик қалдықтарды қайта өңдеу жобалары іске асырылуда. Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастаса, Созақ ауданында төрт өндірістік жоба іске қосылып, дайын өндірістік ғимараттар кәсіпкерлерге берілген.
Сонымен бірге Түркістан, Арыс, Кентау қалаларында және Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас пен Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылым тарту және жаңа инвесторларды орналастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Жиында кейбір өндірістік парктердегі электр энергиясымен қамту мәселелері, құрылыс қарқыны және инвестициялық жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешеуілдеуі де көтерілді. Осыған байланысты жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, инфрақұрылымдық түйткілдерді қысқа мерзімде шешу міндеті жүктелді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды, бос тұрған нысандарға инвесторлар тартуды және меморандум жасалған жобаларды нақты өндіріске айналдыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар өндірістік парктердің екінші кезеңі аясында жоспарланған жаңа нысандардың құрылысын уақытылы аяқтап, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешу қажеттігін атап өтті.
Жалпы, Түркістан облысында өндірістік парктерді дамыту жұмыстары өңір экономикасының тұрақты өсіміне серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Бұл өз кезегінде “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі саналатын өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту міндеттерін іске асыруға оң ықпал етуде.
