Мемлекет басшысы бастамашылық еткен “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру. Бұл бағыт аясында аймақтардың туристік әлеуетін арттыру, заманауи сервистік нысандарды қалыптастыру және тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсаттағы маңызды жобалардың бірі ретінде Түркістан қаласында туристік экскурсиялық автобус өз жұмысын бастады.
Түркістан қаласында туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Smart Shuttle Bus Turkistan» қалалық экскурсиялық маршруты іске қосылды. Жаңа жоба қала қонақтарына тарихи-мәдени нысандарды аралауға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, Түркістанның туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға бағытталған.
Жобаның жұмысымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы танысып, туристерге арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусының жайлылығы мен қызмет көрсету деңгейін бағалады. Қала басшысы туристік инфрақұрылымды дамыту өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың Түркістанның халықаралық және ішкі туризм орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Жаңа экскурсиялық маршрут Түркістан қаласындағы негізгі туристік, мәдени және әлеуметтік маңызы бар нысандарды қамтиды. Атап айтқанда, әуежай, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен-сарай» туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар бір бағытқа біріктірілген. Бұл туристерге қаладағы маңызды орындарды қысқа уақыт ішінде аралап шығуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында келушілер үшін бірқатар заманауи цифрлық сервистер енгізілген. Олардың қатарында QR-код арқылы билет сатып алу мүмкіндігі, 1 және 3 күндік «Turkistan Pass» жүйесі, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсететін аудиогид, сондай-ақ «Telegram» және «WhatsApp» чат-боттары бар. Сонымен бірге онлайн карта мен GPS мониторинг жүйелері жолаушыларға автобустың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға жағдай жасайды.
Экскурсиялық автобустардың барлығы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Автобус ішінде тегін Wi-Fi желісі, салқындатқыш жүйелер және мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB порттары орнатылған. Бұл туристердің сапары барысында барынша жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Маршрут бойынша автобустардың қозғалыс аралығы 15-20 минутты құрайды. Қоғамдық көлік күн сайын таңғы сағат 08:00-ден кешкі 23:00-ге дейін «Визит орталығы» автотұрағы мен «Керуен-сарай» туристік кешені алдынан қатынайды. 65 жолаушыға арналған «Red Bus» экскурсиялық автобусы өңір қонақтарына сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Билет құны балалар үшін 2 000 теңге болса, ересектер үшін 3 000 теңге болып белгіленген.
Жалпы, жаңа экскурсиялық маршруттың іске қосылуы Түркістан қаласының туристік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Бұл бастама өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, қалаға келетін қонақтардың сапалы сервиске қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі саналатын өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосады.
