Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҚТАРЫН ЛИЦЕНЗИЯЛАУ ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТҚА КӨШТІ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру және қолжетімді қызметтерді дамыту. Бұл бағыт мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру, азаматтар мен ұйымдарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, рәсімдерді жеңілдету және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды барынша тиімді ету міндеттерін көздейді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау қызметі толықтай электронды форматқа көшірілді.

Қазақстанда балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау процесі жаңа деңгейге көтерілді. Енді аталған ұйымдар лицензия алу үшін мемлекеттік мекемелерге барып, қағаз құжаттар тапсырудың қажеті жоқ. Өтінім беру рәсімі толықтай электронды форматқа көшіріліп, elicense.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және олардың қолжетімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады. Электронды лицензиялау жүйесі ұйымдарға уақытты үнемдеуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және қызмет алу процесін барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар лицензия беру рәсімінің ашықтығы мен тиімділігі артып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жақсара түседі.

2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметін міндетті лицензиялауды енгізді. Осыған байланысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, бұрын қолданылып келген «балалар сауықтыру лагері» ұғымы «балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығы» терминімен алмастырылды. Бұл өзгеріс ұйымдардың тек демалыс пен сауықтыру жұмыстарын ғана емес, сонымен қатар балалардың білім алуына және жан-жақты дамуына бағытталған қызметтерді де қамтитынын көрсетеді.

Лицензия алу рәсімі бірнеше қарапайым кезеңнен тұрады. Ұйым өкілдері elicense.kz порталына кіріп, «Білім беру» бөлімінен қажетті қызмет түрін таңдайды. Бұдан кейін талап етілетін мәліметтерді енгізіп, мемлекеттік баж салығын төлейді және өтінімді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растайды. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес лицензия бес жыл мерзімге беріледі, ал өтінімді қарау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін созылады.

Жаңа тәртіп жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық негізде қызмет көрсететін барлық білім беру-сауықтыру орталықтарына қатысты қолданылады. Сонымен қатар талаптар мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға бірдей деңгейде енгізіліп отыр. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және барлық ұйымдар үшін ортақ стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Лицензиялық талаптар медициналық қызмет көрсетудің ұйымдастырылуын, қауіпсіздік жүйелерінің болуын, бекітілген білім беру-сауықтыру бағдарламаларын іске асыруды, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын және балалардың тұруына қолайлы жағдайлардың жасалуын қамтиды. Сондай-ақ қажетті инфрақұрылымның болуы мен қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар міндетті талаптар қарастырылған.

Аталған электронды қызмет Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды. Бұл бастама мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Жалпы, лицензиялау рәсімінің цифрлық форматқа көшуі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, ұйымдардың жұмысын жеңілдетуге, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және балаларға арналған білім беру-сауықтыру қызметтерінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру саясатының нақты нәтижелерінің бірі болып табылады.