Өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру – «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның жарқын көрінісі ретінде Түркістан қаласында Қарашық өзенінің бойынан бой көтерген «Түркістан» экобағы пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында салынған жаңа нысанның жалпы аумағы 50 гектарды құрайды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған экобақ тұрғындар мен қала қонақтарының демалуына, спортпен шұғылдануына және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған көпфункционалды қоғамдық кеңістік ретінде пайдалануға берілді.
Экобақтың ашылу рәсімі Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Конституция және жастардың құқықтық мәдениеті: Тәртіпке тартыл» атты ауқымды іс-шарамен қатар ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Өз сөзінде облыс әкімі Жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, бүкілхалықтық референдумда қабылданған өзгерістердің мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістан облысының тұрғындары референдумға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсеткенін жеткізді.
Аймақ басшысы жаңадан ашылған экобақтың тек демалыс орны ғана емес, тұрғындардың басын қосатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын және қоғамдық белсенділікті арттыратын маңызды әлеуметтік нысан екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының құрылғанына сегіз жыл толуына орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де назарға алынды. Осы уақыт аралығында Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен облыста ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары пайдалануға берілді. Сонымен қатар өңірдегі барлық елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етіліп, халықтың басым бөлігі табиғи газға қол жеткізді. Өңірлік жалпы өнім көлемі бірнеше есеге өсіп, инвестициялық белсенділік артты.
Салтанатты шара барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев пен қоғам белсендісі Ерболат Балғабаев сөз сөйлеп, жастарды заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел дамуына белсенді үлес қосуға шақырды. Спикерлер құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заң үстемдігін нығайтудың қоғам үшін маңызына ерекше тоқталды.
Іс-шара аясында көрермендер назарына «XIII Legion Street Workout» ұжымының спорттық қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар облыс көлемінде ұйымдастырылған «Tartipke tartyl» жобасының финалдық кезеңі өткізіліп, қатысушылар өздерінің күш-қуаты мен спорттық дайындық деңгейін көрсетті. Бұл жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және спортпен тұрақты айналысуға ынталандыруға бағытталды.
Жаңа экобақтың инфрақұрылымы заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Мұнда жергілікті климатқа бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары отырғызылған. Сонымен қатар аумақта төрт көпір, күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарық шамы, үш волейбол алаңы, футбол алаңы, балаларға арналған ойын алаңдары, арнайы демалыс орындары мен жағажайлар салынған. Тұрғындардың жайлы демалысы үшін барбекю аймақтары, орындықтар және шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Құрылыс барысында экологиялық қауіпсіз материалдар пайдаланылып, табиғи ортаны сақтау мәселесіне ерекше назар аударылған.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қазақ эстрадасының танымал әншілері өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жалпы, жаңа экобақтың ашылуы Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Бұл бастама «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясатының нақты нәтижесін көрсетеді.
