«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру және қолжетімді қызметтерді дамыту. Бұл бағыт мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіруді, азаматтарға қызмет көрсетудің ыңғайлы әрі тиімді тетіктерін қалыптастыруды және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында Түркістан қаласында жаңа форматтағы Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді.
Түркістан қаласында халыққа мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы форматта ұсынуға бағытталған жаңа үлгідегі Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Apple Store қағидаты негізінде жасақталған заманауи орталық тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты. Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және халыққа сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстардың маңызы атап өтілді.
Smart Point цифрлық ХҚКО – азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуына жағдай жасайтын және цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа буындағы сервистік кеңістік. Бұл жоба мемлекеттік қызметтерді тұтынудың жаңа мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Мұнда тұрғындар қажетті қызметтерді алып қана қоймай, цифрлық сервистерді өз бетімен пайдалануды меңгеріп, қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгіне алады.
Мемлекеттік корпорация басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиевтің айтуынша, Түркістандағы жаңа орталықтың ашылуы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және халықтың цифрлық мүмкіндіктерді еркін пайдалануына жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Оның пікірінше, Smart Point өңір тұрғындары үшін сұранысқа ие заманауи алаңға айналып, мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және цифрландыруды жеделдету жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен Мемлекеттік корпорация арасындағы тиімді әріптестіктің нәтижесінде халық сұранысына сай келетін заманауи сервистік хаб қалыптастырылған.
Smart Point цифрлық ХҚКО бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта тұрғындар құжаттандыру терминалдары арқылы жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге өтінім беріп, бірқатар қызметтерді өздігінен ала алады. Сондай-ақ мұнда AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерімен танысуға жағдай жасалған.
Цифрлық аймақта мемлекеттік қызметтерді онлайн алу және электрондық құжаттармен жұмыс істеу үшін қажетті техникалық құралдар орнатылған. Ал сараптамалық аймақта келушілер күрделі мәселелер бойынша кәсіби кеңес алады. Сонымен қатар орталықта цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқыту және ақпараттық аймақтар жұмыс істейді. Демалыс аймағында азаматтардың жайлы қызмет алуына барлық жағдай қарастырылған.
Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңірде заманауи сервистік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындарға қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға серпін беріп отыр. Бұл бастама мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың уақытын үнемдеуге, қызмет алу рәсімдерін жеңілдетуге және цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Осылайша, Түркістанда ашылған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын іске асырудың нақты көрінісі болып табылады. Мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру, тұрғындарға қолайлы сервис ұсыну және цифрлық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы мұндай жобалар халық пен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтып, көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
