Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Өңірлік даму, инвестициялық ахуалды жақсарту және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау – «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы міндеттерді іске асыру аясында Төлеби ауданында өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Осыған орай аудан аумағында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистер өңірдегі өндірістік, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларында іске асырылып жатқан маңызды жобалардың жұмысымен танысты. Іс-шараның мақсаты – ауданның инвестициялық әлеуетін көрсету, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесін жұртшылыққа кеңінен таныстыру және ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету.

Баспасөз турының алғашқы нысаны Киелітас ауылдық округіне қарасты Сұлтан Раббат ауылында орналасқан «Aik.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Кәсіпорын жұмыртқаға арналған лотоктар өндірумен айналысады. Жалпы құны 250 миллион теңгені құрайтын өндіріс орнында сағатына 2 мың дана өнім шығарылады. Қазіргі таңда кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның іске қосылуы өңірдегі өндіріс көлемін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Одан кейін журналистер Достық елді мекенінде орналасқан «Fish House» ЖШС-нің балық шаруашылығы кешенінде болды. Кәсіпорын форель, сазан, ақ амур және бекіре балықтарын өсіреді. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құрайды. Шаруашылықтың жылдық өндірістік қуаты 300 тоннаға жетеді. Қазіргі уақытта мұнда 100 тонна сазан, 20 тонна форель, 2 тонна бекіре және 40 мың сазан шабағы өсірілуде. Бұл жоба ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және балық шаруашылығын дамытуға серпін беруде.

Баспасөз туры барысында Ленгір қаласындағы «DANA» тігін цехының жұмысы да таныстырылды. Кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Мұнда өндірілетін өнімдер түрлі өндіріс орындары мен мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын артып, жергілікті жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосуда.

Журналистер сондай-ақ Зертас елді мекеніндегі «Азия Милк» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын сүт бағытындағы ферма кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба аясында ірі қара мал басын көбейту жоспарланған. Ферманың жылдық өндірістік қуаты 1300–1350 тонна сүт өндіруге есептелген. Бүгінде кәсіпорында 44 адам еңбек етеді. Аталған жоба өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы өңірде инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай баспасөз турлары халықты нақты ақпаратпен қамтамасыз етуге, жобалардың жүзеге асырылу барысын ашық көрсетуге және ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етуде. Бұл бастамалар «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттары – өңірлік даму, инвестициялық ахуалды жақсарту және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау міндеттерін іске асыруға бағытталған маңызды жобалардың қатарында.