«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру. Осы міндет аясында елді мекендердегі әлеуметтік және мәдени нысандардың қолжетімділігін арттыруға, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Шардара ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы орайда Шардара қаласындағы А.Иманов көшесі бойынан жаңа өнер орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Аталған нысан жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ұлттық мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени-білім беру орталығы болып табылады.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев жаңа өнер орталығына арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан басшысы оқу кабинеттерін аралап, үйірмелердің жұмысын көріп, педагогтармен пікір алмасты. Сонымен қатар орталықтың материалдық-техникалық базасына оң бағасын беріп, жас өнерпаздарға жасалып отырған мүмкіндіктердің маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде өнер орталығында домбыра, қобыз, фортепиано, вокал, хореография, бейнелеу өнері, қолөнер және театр бағыттары бойынша түрлі үйірмелер тұрақты жұмыс жүргізуде. Әрбір бағыт балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сәйкес ұйымдастырылған. Мұнда шәкірттер ұлттық және әлемдік өнердің үздік үлгілерін меңгеріп, шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алуда.
Домбыра мен қобыз сыныптарында оқушылар қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын терең игерсе, вокал үйірмесінде әншілік шеберліктерін жетілдіруде. Ал хореография бөлімінде қазақ және әлем халықтарының билері үйретіліп, балалардың сахналық мәдениеті мен өнерге деген қызығушылығы қалыптастырылуда.
Сонымен қатар бейнелеу өнері мен қолөнер үйірмелерінде жас таланттар сурет салу, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау дағдыларын меңгеріп келеді. Театр үйірмесінде оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуға, актерлік шеберлігін шыңдауға және шығармашылық ойлау қабілеттерін арттыруға басымдық берілген.
Аудан әкімі өнер мен мәдениеттің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтіп, осындай орталықтардың балалардың қабілетін ашуға, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарға құрметін арттыруға зор ықпал ететінін жеткізді.
Жаңа өнер орталығының ашылуы Шардара ауданының мәдени инфрақұрылымын дамытуға қосылған маңызды үлес болып табылады. Бұл нысан болашақта талантты жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ауданның рухани-мәдени өмірін жандандыруға және өнерлі ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін болады.
