«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру. Осы мақсатта тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту, әлеуметтік нысандардың әлеуетін арттыру және туризм инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен бірге бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты.
Іссапар барысында алдымен өңірді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Тама» ауыз су жобасының құрылыс алаңы араланды. Жоба аясында су құбырларын тарту, резервуарлар мен инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ №14 бекеттегі Шардара аудандық топтық су құбыры құрылысының барысы қаралып, мердігер мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Облыс әкімінің орынбасары «Тама» су жүйесіне қажетті электр қосалқы станциясының жұмысын көріп, оның өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар Шардара қаласын ауыз сумен қамтамасыз ететін су тарату желілері мен су сақтау нысандарының жай-күйімен танысты.
Жұмыс сапары барысында Шардара су қоймасы жағалауындағы демалыс аймақтары да араланып, туристік инфрақұрылымды дамыту, санитарлық тазалықты сақтау, қызмет көрсету сапасын арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары Шардара аудандық орталық ауруханасында болып, медициналық қызмет көрсету сапасы мен материалдық-техникалық базаның жағдайымен танысты.
Кездесу қорытындысында инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы маңызды екені атап өтілді.
