«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту. Осы мақсатта өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы бағыттағы бастамалардың бірі ретінде Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында өтіп жатқан «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумына Түркістан облысының делегациясы қатысуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми делегация құрамында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан кәсіпкерлері де бар.
Форум аясында Келес ауданының кәсіпкерлері өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету және кәсіпкерлік салаларындағы өзара әріптестік мүмкіндіктерін талқылап, іскерлік байланыстар орнатуда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Түркістан және Ташкент облыстары арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау.
Кездесулер барысында инвестициялық жобаларды іске асыру, экспорт көлемін ұлғайту, логистикалық әлеуетті дамыту және шекара маңындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері қаралуда. Сонымен қатар B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, өңірлердің инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктері таныстырылуда.
Мұндай халықаралық алаңдар Келес ауданы кәсіпкерлерінің тәжірибе алмасуына, жаңа нарықтарға шығуына және шетелдік серіктестермен тиімді байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
