Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында Түркістан қаласында ауқымды экологиялық жоба жүзеге асырылуда.
Қаладағы Қарашық өзені маңында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экопаркінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған.
Қазіргі таңда аумақ қоршалып, 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Алдағы кезеңде экопарк аумағына 10 мыңға жуық ағаш егу жоспарланып отыр. Олардың қатарында өңір климатына бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары бар.
Жоба шеңберінде көпірлер, күн панельдерімен жұмыс істейтін жарық шамдары, орындықтар, барбекю аймақтары, сондай-ақ тас және ағаш мүсіндер орнатылуда. Барлық нысандар экологиялық талаптарға сай материалдардан жасалмақ.
Сонымен қатар демалыс аймағының табиғи келбетін толықтыру мақсатында экопарк аумағына аққулар жіберілді. Мамандардың айтуынша, бұл келушілер үшін тартымды әрі ерекше демалыс орнының қалыптасуына мүмкіндік береді.
Аталған жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және жайлы қоғамдық кеңістік құруға септігін тигізеді.
