Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

БІРТІЛЕКТЕ ТҰРҒЫНДАРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтармен кері байланысты дамытуға, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және көтерілген мәселелерді жедел қарауға ерекше назар аударылуда. Осы бағытта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Біртілек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Ашық форматта өткен жиында аудан басшысы тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдап, бұған дейін көтерілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды. Кездесу барысында электр желілерін жаңарту, жол инфрақұрылымын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандар салу және ауыл шаруашылығын қолдау бағытында атқарылған жұмыстар таныстырылды.

Атап айтқанда, Жолбасшы және Ораз ата елді мекендерінде электр желілері жаңартылып, жаңа трансформаторлар іске қосылды. Бірқатар көшелерге асфальт пен шағал тас төселіп, Біртілек елді мекенінде заманауи көше жарықшамдары орнатылды.

Әлеуметтік салада Еңбекші елді мекенінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар округте көктемгі егіс жұмыстары ұйымдастырылып, 3520 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мақсатында каналдар мен қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізілді.

Кездесу барысында тұрғындар жолдарды асфальттау, көпірлерді жөндеу және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтерді. Аудан әкімі аталған бағыттар бойынша жобалық құжаттар әзірленіп жатқанын және қаржыландыруға қарай жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.

Сондай-ақ Амангелді, Шұқырсай және Ораз ата елді мекендеріндегі апатты көпірлерді қалпына келтіру, жол бойларына аяқжолдар салу бойынша жобалар дайындалуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және ауылдық инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тұрғындардың барлық өтініштері мен ұсыныстары бақылауға алынып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын елді мекендерді көркейтуге және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.