«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтармен кері байланысты нығайтуға, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және өтініштерін жедел қарауға ерекше мән берілуде. Осы бағытта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Сапар барысында аудан басшысы Ақжол ауылында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің қолдауымен салынған заманауи «I Love You Ақжол» аллеясымен танысты. Ауылдық округте туған жерді көркейтуге бағытталған мұндай бастамалар жыл сайын жалғасып келеді. Өткен жылы түлектер ауылға кіреберіс аркасын тарту етсе, биыл демалыс аллеясын ел игілігіне ұсынған.
Одан кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізіп, олардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында ауыз су жүйесінің жұмысы, ішкі көшелерді жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, қашыртқыларды тазалау және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтерілді. Барлық сұрақтар бойынша түсіндірмелер беріліп, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктелді.
Жиында бұған дейін тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы да сараланды. Атап айтқанда, Қауыншы және Ақжол елді мекендеріндегі қашыртқылар тазартылып, ауылдық округте екі жаңа балабақша пайдалануға берілгені және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындардың барлық өтініштері бақылауда болатынын атап өтіп, ауылдың тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға шақырды.
