«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтармен кері байланысты дамытуға, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарауға ерекше мән берілуде. Осы бағытта Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Ашық диалог форматында өткен жиында тұрғындар мәдениет үйінің құрылысы, ауыз су жүйесін жаңғырту, ағын су арналарының жай-күйі, шекара маңындағы мәселелер және «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысты сауалдарын қойды. Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме беріп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Кездесу барысында округте жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Достық пен Қоралас ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Достық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, Ұшқын ауылындағы отбасылық дәрігерлік емханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ «Зах» каналынан магистральды су құбырын тарту жобасы арқылы Ұшқын, Достық және Қоралас елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Кездесуде көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды елді мекеннің дамуына белсенді атсалысуға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырды.
