Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

КЕЛЕС АУДАНЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШ-ТІЛЕКТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Келес ауданында тұрғындармен кері байланысты нығайту және азаматтардың өзекті мәселелерін зерделеу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың жеке қабылдауы өтті. Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтеріп, тиісті сала мамандарынан жауап алды.

Қабылдауға келген азаматтардың өтініштері негізінен жер қатынастары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ағын су жүйесі, жол инфрақұрылымы және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алу мәселелеріне қатысты болды.

Абай ауылынан келген тұрғындар кәсіпкерлікті дамытуға арналған жеңілдетілген несиелер мен жер мәселесі бойынша сұрақтарын жеткізді. Оларға қолданыстағы заңнама талаптары мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері түсіндіріліп, көтерілген мәселелерді қосымша қарау жауапты мамандарға тапсырылды.

Біртілек ауылдық округінің тұрғыны мал шаруашылығы және жылыжай шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Қабылдау барысында жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері жөнінде ақпарат беріліп, қажетті кеңестер ұсынылды.

Сонымен қатар Жүзімдік ауылдық округінен келген азаматтар ағын су мен жол сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Аталған өтініштер назарға алынып, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны егістік жер мәселесі бойынша өтініш білдірсе, Ошақты ауылдық округінен келген азамат тұрғын үй және жер қатынастарына қатысты сұрақтарын жолдады. Барлық көтерілген мәселелер бойынша заң аясында түсіндірмелер беріліп, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды.

Қабылдау қорытындысында аудан әкімінің орынбасары азаматтардың әрбір өтініші назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Сондай-ақ жауапты бөлімдерге тұрғындар көтерген мәселелерді жан-жақты қарап, олардың орындалу барысы жөнінде өтініш иелеріне тиісті кері байланыс беруді тапсырды.

Айта кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамытуға, азаматтардың өтініштерін жедел қарауға және халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға басымдық беріліп келеді.