«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету және инвестициялық ахуалды жақсарту. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте Түркістан облысында да инвестициялық тартымдылықты арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында облыс құрылған күннен бастап инвестициялық жобаларды қолдау және сүйемелдеу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар қабылданды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бақылауымен инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Түркістан қаласының рухани-мәдени және туристік орталық ретінде қарқынды дамуы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына серпін берді. Нәтижесінде соңғы сегіз жыл ішінде облыс экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 трлн 745,6 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артты. Айта кетсек, 2018 жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 314,1 млрд теңге болған.
Инвестициялық белсенділік 2026 жылы да жоғары деңгейде сақталуда. Жылдың алғашқы бес айында өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсім тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде инвестиция көлемі 387,8 млрд теңгені құраған болатын.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысымен облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарланған межеден жоғары нәтиже көрсетті. Бұл өңірдің халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын аңғартады.
Биыл Түркістан облысында жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалар жаңа өндіріс орындарын ашуға, өңірдегі жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруға және экономиканың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облыста инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған арнайы алаңдар жұмыс істейді. Олардың қатарында «Turan» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, индустриялық аймақтар және барлық аудан мен қалалардағы шағын өндірістік парктер бар.
Алдағы кезеңде де Түркістан облысына инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жалғасып, жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық берілетін болады.
