Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларТехнология

ТҮРКІСТАНДА ЖАСТАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – жастарды қолдау, олардың сапалы білім алуына, ғылым мен технология саласында дамуына қолайлы жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан қаласында жас буынның ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірегей жоба жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі бастамаларына сәйкес және 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына орай Түркістан қаласы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен «YasSat-2026: Түркістаннан ғарышқа қадам» жобасы іске асырылды.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба аясында оқушылар өз қолдарымен құрастырған «YasSat-2026» наноспутнигін атмосфераның төменгі қабатына сәтті ұшырды. Бастама жастардың ғылымға, инновацияға, инженерияға, робототехникаға және ғарыштық технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Жоба оқушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, ғылыми-зерттеу, конструкторлық және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар олардың заманауи технологияларды меңгеруіне және ғылыми ізденіске бейімделуіне жол ашты.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Түркістан облысы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының IT индустриясын дамыту бөлімінің басшысы Айтнұр Мырзагелді, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, инженерлер, ата-аналар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар жас өнертапқыштардың еңбегіне жоғары баға беріп, ғылым мен технологияны дамытуға бағытталған мұндай жобалардың ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

Түркістан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы өз сөзінде аталған жоба өңір жастарының ғылыми әлеуетін көрсететін маңызды бастама екенін жеткізді.

Жобаға қатысқан оқушылар оқу жылы бойы 3D-модельдеу, микроконтроллерлерді бағдарламалау, сенсорлық жүйелерді құрастыру және тестілеу бағыттары бойынша арнайы дайындықтан өтті. Нәтижесінде олар ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи наноспутник жасап шығарды.

Арнайы гелий газымен толтырылған аэростат арқылы ұшырылған «YasSat-2026» наноспутнигі шамамен 10 мың метр биіктікке көтеріліп, жердегі қабылдау станциясына нақты уақыт режимінде ғылыми мәліметтер жолдады. Құрылғы атмосферадағы температура, қысым, ылғалдылық пен ауа сапасының көрсеткіштерін тіркеп, фото және бейнетүсірілім жұмыстарын жүргізді.

Жоба барысында жиналған ғылыми деректер алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жұмыстарына негіз болып, олардың ғылыми жобалар мен халықаралық байқауларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл бастама жастардың ғылыми ізденісін қолдауға және еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.