«Әлеуметтік Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімділігін арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар Жетісай ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар суармалы алқаптардың өнімділігін көтеруге, жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға және ауыл еңбеккерлерінің табысын арттыруға бағытталған.
Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауыл шаруашылығы жерлерінің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы Ж.Ералиев ауылдық округіндегі нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, пайдаланылып жатқан материалдардың сапасын және техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алды.
Қазіргі таңда аталған ауылдық округте 39 тік дренажды ұңғыма қайта қалпына келтірілуде. Жоба толық аяқталған жағдайда округке қарасты 14 елді мекендегі 8042 гектар суармалы егістік жер мен 1383 гектар үйіргелік жердің мелиоративтік жағдайы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде егін шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді.
Айта кету керек, 2023 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «ҚазСушар» РМК тапсырысы негізінде, Ислам даму банкінің қаржыландыруымен басталған 210 дана тік дренажды ұңғыманы қалпына келтіру жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба аясында Мақталы, Қызылқұм, Абай, Ж.Ералиев, Ынтымақ және Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі дренаж жүйелері жаңғыртылып, жалпы 36 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің жағдайын жақсарту көзделген.
Аудан әкімі мұндай инфрақұрылымдық жобалардың аграрлық сектордың тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Тік дренаж жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі жердің құнарлылығын сақтап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
