«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, ауылдар мен қалаларды кешенді дамыту және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Ордабасы ауданында ауызсу жүйелерін жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру, спорт және әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауыл округіндегі бірқатар инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен аудан басшысы Береке ауылын ауызсумен қамту жүйесінің жұмысын көрді. Бұған дейін Береке ауылындағы 600 абонент ауызсуды Шұбар ауылындағы су жүйесі арқылы тұтынып келген болса, бүгінде қосымша су ұңғымасының қазылуы нәтижесінде жалпы 1100 абонент тұрақты ауызсумен қамтылып отыр.
Жоба тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйе екі бағытта жұмыс істеуге бейімделгендіктен, бір су көзі уақытша тоқтаған жағдайда екіншісі автоматты түрде іске қосылып, халықты тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына ауызсудың талапқа сай берілуін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар электр қуатының үзілуіне байланысты ауызсудың кешігуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде жауапты бөлім басшысы нысан аумағына қосымша трансформатор орнатылғанын жеткізді.
Мұнан соң аудан басшысы Шұбар ауылындағы ашық футбол алаңының құрылысымен танысты. Алдағы уақытта спорт нысанының жанынан балалар ойын алаңшасын салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауылдың орталық көшесі бойында жаяу жүргіншілер жолы салынып, ауыл әкімдігі маңы абаттандырылып жатыр. Қажетті инженерлік және инфрақұрылымдық жұмыстардың жүргізілуі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, елді мекеннің келбетін жаңғыртуға ықпал етпек.
