«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жастарды қолдау, ауыл балаларына сапалы білім мен спорттық дамуға тең мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған бұл бағыт өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасап, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер теңдігін арттыруға негізделген.
Жетісай ауданында да осы мақсатта бірқатар игі бастамалар қолға алынған. Соның бірі – Ынтымақ ауылдық округінің Өркенді елді мекенінде орналасқан «Бейсенбай ата» оқу-спорт орталығы. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов орталықтың жұмысымен танысып, оның ауыл жастары үшін маңызды әлеуметтік нысан екенін атап өтті. Аталған орталық ақпан айында ашылып, қысқа уақыт ішінде балалардың сүйікті орнына айналған.
Бүгінде орталықта 250-ге жуық бала спорт және білім беру үйірмелеріне тұрақты қатысады. Жасөспірімдер еркін күрес, бокс, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысып, дене шынықтырумен қатар тәртіп пен жауапкершілікті бойларына сіңіруде. Сонымен бірге ұлттық би үйірмесі арқылы балалардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы артып, рухани тәрбиесі нығаюда.
Білім беру бағытында да жүйелі жұмыс жолға қойылған. Оқушылар ағылшын және орыс тілдерін меңгеріп, көркем оқу үйірмелеріне қатысады. Ал мектепалды дайындық топтарында бүлдіршіндер мектепке жан-жақты дайындықпен баруға мүмкіндік алып отыр. Бұл – ауылдағы білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Орталықта тәжірибелі ұстаздар мен білікті жаттықтырушылар қызмет атқарады. Балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайы толық қамтамасыз етілген, арнайы киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің еркін дамуына және спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасайды.
Аудан әкімі мұндай оқу-спорт орталықтарының ашылуы ауыл жастарының болашағына салынған маңызды инвестиция екенін атап өтіп, жергілікті билік тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді. Осындай жобалар арқылы білімді, спортқа бейім, елге қызмет ететін жас буын қалыптасып, өңірлік дамуға серпін бермек.
