Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының басты бағыттарының бірі – жастарды қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту және өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру. Осы мақсатта елді мекендерде спорт нысандарын көбейтуге, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастамалар ауыл жастарының әлеуетін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіз болады.
Осы бағыттағы игі жобалардың бірі Төлеби ауданының Аққұм ауылында жүзеге асты. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлі құрметіне демеуші есебінен салынған «Мұхит Әлі» спорт кешені ел игілігіне берілді. Жобаның жүзеге асуына демеуші Төре Құрбанов қолдау көрсетті.
Жаңа спорт кешені өскелең ұрпаққа Мұхит Оралбайұлы Әлінің өнегелі өмір жолын насихаттау, жастарды спортқа баулу және ауыл тұрғындары арасында салауатты өмір салтын дамыту мақсатында салынған. Бұл нысан ауыл инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жас спортшылардың кәсіби деңгейде дайындалуына мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, Мұхит Әлінің ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Іс-шараға мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, жазушы-драматург Роза Мұқанова, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Жаңа спорт кешені ауыл жастарының бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына, олардың спорттық әлеуетін дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады. Сонымен қатар мұндай нысандар ауылдардың әлеуметтік дамуына серпін беріп, өңірлердегі инфрақұрылым сапасын арттыруға ықпал етеді.
