Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамҚұқықМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ОРДАБАСЫДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі басымдықтарының бірі – құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау. Осы бағытта өңірлерде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықпен кері байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.

Осыған орай Ордабасы ауданында аудан әкімі Азат Оралбаев төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, ауыл округі әкімдері және тиісті бөлім басшылары қатысты.

Комиссия отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуы мәселелері кеңінен қаралды. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту, бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сай жүргізу бағытындағы жұмыстар сараланды.

Күн тәртібіне сәйкес аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Руслан Мейірбеков, аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Асылбай Ыдырысов және аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Болат Алишев атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.

Жиын барысында аудан басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау саласындағы өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы нақты міндеттерді айқындады. Сонымен қатар жауапты мекемелерге халықпен ашық әрі тиімді жұмыс жүргізу, құқықтық тәртіпті сақтау және профилактикалық шараларды күшейту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Комиссия қорытындысында құқық бұзушылық профилактикасын күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру міндеті белгіленді.