Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – азаматтардың өтініштеріне жедел назар аудару, тұрғындармен ашық диалог орнату және халықтың мәселелерін заң аясында шешу болып табылады. Осы бағытта бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғындармен кері байланысты күшейтуге, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді дер кезінде шешуге ерекше көңіл бөлінуде.
Осыған сәйкес, бүгін аудан тұрғындары жеке арыз-өтініштері негізінде аудан әкімінің қабылдауына қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Қабылдауға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, тұрғындардың өтініштерін бірге тыңдады.
Жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелер жан-жақты зерделеніп, заң талаптарына сәйкес тиісті сала мамандарының қатысуымен талқыланды. Аудан басшылығы әрбір өтінішке мұқият назар аударып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Жалпы, қабылдауға келген тұрғындардың көтерген мәселелері инфрақұрылым, жол, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және кәсіпкерлік салаларына қатысты болды. Бұл өз кезегінде халықпен тұрақты байланыс орнатудың және жергілікті деңгейдегі мәселелерді дер кезінде шешудің маңыздылығын көрсетеді.
Қабылдау барысында Қарағашты ауылының тұрғындары Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізіне шығатын жолға тас төсеу қажеттігін жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, жолдың қазіргі жағдайы көлік қатынасына қолайсыздық туғызып отыр. Аталған мәселе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандарымен бірге қаралып, маусым айында жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
Аудан басшысы ауылішілік және елді мекендерді жалғайтын жолдардың сапасы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ қабылдауға келген Балықты ауылдық округінің тұрғыны канал жөндеу жұмыстары кезінде жолдың қазылып, тұрғындарға жүруге қолайсыз жағдай туындағанын айтып шағымданды. Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған аумақта көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілерге қиындықтар туындап отыр.
Бұл мәселе аудан басшылығы тарапынан назарға алынып, жауапты мекемелерге жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Тиісті сала мамандары мәселені бақылауға алып, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болды.
Ал орталықтағы Пушкин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің тұрғыны жоғарғы қабаттан су ағу мәселесін көтеріп, тиісті шара қолдануды сұрады. Тұрғынның айтуынша, бұл жағдай пәтердің ішкі жағдайына кері әсерін тигізіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызуда.
Аталған мәселе де аудан әкімінің бақылауына алынып, жауапты коммуналдық сала мамандарына оқиға орнына барып, тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, мәселені заң аясында шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Қабылдау барысында Ақбиік ауылынан келген жеке кәсіпкер де өз өтінішін жеткізді. Кәсіпкер жаңадан іске қосылғалы тұрған өндірістік цехқа баратын жол салуға қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, өндірістік нысанның толыққанды жұмыс істеуі үшін жол инфрақұрылымын жақсарту маңызды.
Бұл мәселе жер қатынастары саласының мамандарымен бірге қаралып, жол салу жұмыстары жеке жер телімі иесінің келісімі негізінде жүзеге асатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, аудан басшылығы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен қарастырылатынын атап өтті.
Жалпы, бүгінгі жеке қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, әрбір өтініш бойынша нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен арыз-өтініштері әрдайым басты назарда болатынын жеткізіп, көтерілген мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Бүгінде тұрғындарды жеке қабылдау – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың тиімді тетіктерінің бірі саналады. Мұндай кездесулер азаматтардың өзекті мәселелерін ашық айтуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында ауданда алдағы уақытта да тұрғындармен кері байланысты күшейту, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеру және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
