«Әділетті Қазақстан» реформасы аясында халықтың әл-ауқатын арттыру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жобаларға басымдық берілуде. Осы бағытта Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында “Saumal De Lux” туристік-сауықтыру кешені салынып жатыр. Аудан әкімі Асқар Естібаев нысанға барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Кешеннің басты ерекшелігі – саумалмен емдеу, жылқы туризмін дамыту және ұлттық дәстүрді насихаттай отырып, табиғат аясында демалыс ұйымдастыру. Мұнда келушілер ұлттық тағамдардың дайындалуын көріп, таба нан пісіру мен қолдың майын жасау секілді дәстүрлермен таныса алады. Бұл жоба салауатты өмір салтын насихаттап, медициналық-сауықтыру туризмін дамытуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жоба аясында заманауи қонақ үй, коттедждер, спорт кешені, бассейн, глемпингтер мен киіз үйлер салынуда. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы мен демалыс аймақтары ашылады.
Аудан әкімі инфрақұрылым мәселелері әкімдік тарапынан қолдау табатынын атап өтіп, құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. “Saumal De Lux” кешені іске қосылғаннан кейін өңірдегі туризмнің дамуына серпін беріп, халықтың денсаулығын нығайту мен аудан экономикасының өсуіне оң әсер етпек.
