«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту, өңірлерге капитал тарту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта еліміздің барлық аймақтарында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысы бұл бағытта алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі ретінде тұрақты даму көрсеткіштерін көрсетіп отыр.
Биыл Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүйелі іске асыру және олардың орындалуын бақылау мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 5 инвестициялық штаб отырысы өткізіліп, нәтижесінде 31 хаттамалық тапсырма берілді. Бұл тапсырмалардың орындалу барысы мен өңірдегі инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында жан-жақты қаралды.
Инвестициялық штабтың негізгі күн тәртібі үш бағытты қамтиды. Біріншіден, өңірде іске асырылып жатқан және ағымдағы жылы жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалардың орындалу барысы тыңдалады. Екіншіден, облыс әкімі берген хаттамалық тапсырмалардың нақты орындалу деңгейі талданады. Үшіншіден, жаңа жобаларды іске қосу және шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері қарастырылады. Бұл бағытта Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдерінің есептері тыңдалып, нақты ұсыныстар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жауапты мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдіктеріне жаңа инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосуды және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар өңірлік энергетикалық және инженерлік жүйелердің жай-күйіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Облыс аумағындағы барлық электр қосалқы станцияларына толық инвентаризация жүргізіліп, олардың бос қуат резервтері анықталуы тиіс. Сонымен қатар автоматтандырылған газ тарату станцияларының (АГРС) техникалық жағдайына жан-жақты ревизия жасалып, әрбір нысанның жобалық қуаты мен нақты тұтыну көлемі нақты есептелуі қажет. Өңірлік инфрақұрылым мәселелері толық әрі жүйелі түрде шешілуі тиіс, – деді Қанат Қайыпбек.
Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биылғы жылы бірнеше ірі өндірістік және әлеуметтік маңызы бар жобалар іске қосылуда. Мәселен, Сауран ауданындағы Шаға ауылдық округінде «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС сэндвич-панельдер мен металл конструкциялар шығаратын заманауи зауыт салуда. Бұл жоба құрылыс индустриясын дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған.
Сонымен қатар Шардара ауданында «Dos Big Company» ЖШС қонақ үй кешені мен фитнес орталығының құрылысын жүргізуде. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және қызмет көрсету саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Энергетика саласында да жаңа жобалар қолға алынған. Төлеби ауданында «Тауэнерго» ЖШС шағын гидроэлектростанция құрылысын жүзеге асыруда. Сондай-ақ «Jasyl qyat» ЖШС тарапынан да шағын ГЭС жобасы іске асырылуда. Бұл жобалар жасыл энергетиканы дамытуға және өңірдің энергияға деген тәуелсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы саласында да инвестициялық жобалар белсенді жүзеге асуда. Түлкібас ауданында «Майлыкент Ферм» ЖШС тауарлы сүт фермасын іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба жыл соңына дейін толық іске қосылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жергілікті ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы әкімдік тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Барлық жобалар бойынша инфрақұрылымдық қолдау көрсету, жер телімдерін бөлу және инженерлік желілермен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасауда.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық саясат өңірлік дамудың негізгі драйверіне айналып отыр. «Әділетті Қазақстан» реформасының мақсаттарына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа өндіріс орындарының көбеюіне, жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етпек.
