Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСаяси реформалар

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ШЫНЫ ЗАУЫТЫ САЛЫНУЫ МҮМКІН

Елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және шетелдік капитал тарту арқылы өңірлік экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету — «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта еліміздің барлық аймақтарында инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа кәсіпорындар ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жылдан-жылға артып келеді.
Бүгінде Түркістан облысында шетелдік инвесторлар жаңа флоат-шыны өндірісі жобасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Аталған инвестициялық жобаны жан-жақты зерделеу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар тараптар жобаны іске асыру үшін қажетті жер телімдері мен инженерлік инфрақұрылыммен қамту мәселелерін қарастырды. Инвесторлар өңірдің өндірістік әлеуетіне жоғары баға беріп, жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 220 млн АҚШ долларын құрайды. Ірі өндірістік жоба екі кезең бойынша іске асырылмақ. Бірінші кезеңде жылдық өндірістік қуаттылығы 480 мың тонна болатын жоғары сапалы флоат-шыны өндіретін заманауи зауыт салу көзделген. Бұл кәсіпорын құрылыс индустриясына қажетті сапалы шыны өнімдерін шығарып, ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал жобаның екінші кезеңінде жылдық қуаттылығы 350 мың тонна кварц құмын өндіретін кешен мен қосымша өндірістік нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өндірістің толық циклін қалыптастырып, өңірдегі табиғи ресурстарды тиімді игеруге жол ашады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір әкімдігі инвесторлармен ашық әрі тиімді әріптестік орнатуға мүдделі.
– Бұл жоба Түркістан облысының ғана емес, жалпы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады деп сенемін. Өңірімізде отандық өндірісті дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған жобаларды іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Әсіресе шыны өндірісі саласын дамыту стратегиялық маңызға ие. Себебі құрылыс материалдарына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар Қазығұрт және Созақ аудандарында кварцты құм қорларының шоғырлануы жобаны іске асыруға үлкен артықшылық береді. Түркістан облысының әкімдігі жобаны толық қолдауға дайын, – деді Қанат Қайыпбек.
Айта кету керек, бұған дейін инвесторлар өңірдегі кварцты құм кен орындарымен танысып, арнайы зертханалық талдаулар жүргізген болатын. Сараптамалардың нәтижелері оң қорытынды көрсетіп, шикізат сапасының халықаралық талаптарға сәйкес келетіні анықталған. Осыған байланысты компания директорлар кеңесі жобаны Түркістан облысында жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдаған.
Инвестор компания әлемдік нарықта жоғары сапалы шыны өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорын ғылыми-зерттеу жұмыстарын, өндіріс процесін және дайын өнімді сатуды бір жүйеге біріктірген ірі халықаралық құрылым саналады. Бүгінде компанияда 18 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Жаңа өндірістік жобаның іске асырылуы Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жергілікті мамандардың кәсіби тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба құрылыс материалдары өндірісін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда шыны өнімдеріне деген сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің шыны өнімдері нарығында импорт көлемі 277 млн АҚШ долларын құраған. Ал экспорт көлемі 46 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіштер елде отандық шыны өндірісін дамыту қажеттілігін айқын көрсетеді.
Түркістан облысында жүзеге асырылуы жоспарланған флоат-шыны өндірісі жобасы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыруға серпін береді. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық өндірістік байланыстарды нығайтуға жол ашады.
Жалпы алғанда, мұндай ірі инвестициялық жобалар «Әділетті Қазақстан» реформасының экономиканы әртараптандыру және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы нақты нәтижелерінің бірі болып табылады.