Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕРЕКШЕ ЭКОПАРК САЛЫНЫП ЖАТЫР

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік дамуды жүйелі түрде жетілдіру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады. Осы мақсатта еліміздің барлық аймақтарында экологиялық ахуалды жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді көгалдандыру, табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларымен сабақтасып жатыр.
Осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі Түркістан облысында қолға алынған. Қазіргі таңда Қарашық өзенінің маңында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экопаркінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Экопарк өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, жасыл аймақ көлемін ұлғайтуға және тұрғындарға арналған заманауи демалыс кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.
Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы экопарк аумағына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы жауапты сала жетекшілерімен бірге жобаның жүзеге асу тетіктерін жан-жақты талқылап, құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болуын тапсырды. Сонымен қатар экологиялық талаптардың толық сақталуына және аумақтың табиғи ерекшеліктерін тиімді пайдалануға басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Жоба өңірдің табиғи ландшафтын сақтай отырып дамытуға мүмкіндік береді. Экопарк халықаралық экологиялық саябақтарды салу және пайдалану стандарттарына сәйкес әзірленуде. Негізгі мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы демалыс аймағын ұсыну, сондай-ақ орман қорын көбейтіп, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын күшейту.
Қазіргі таңда экопарк аумағында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, аумақты тазалау, ағаштарды бұтау, шеңгелдерді шабу және ағаш түптерін әктеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге Қарашық өзенінің екі жағалауын тазалау бойынша ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, абаттандыру шаралары қолға алынған. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың алғашқы кезеңі іске қосылып, тұрғындардың серуендеуіне жағдай жасалуда.
Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасып келеді. Бүгінде экопарк аумағы қоршалып, 1000 түп ағаш көшеті отырғызылған. Жалпы жоба аясында 10 мыңға жуық ағаш егу жоспарланған. Оның ішінде өңір климатына бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары бар. Бұл жасыл желек алдағы уақытта өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және қала микроклиматын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар экопарк аумағында тұрғындар мен туристерге арналған заманауи демалыс нысандары бой көтереді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер көпірлері, күн панельдерімен жұмыс істейтін жарық шамдары, орындықтар, барбекю аймақтары және тас пен ағаштан жасалған сәндік мүсіндер орнатылады. Жоба барысында экологияға зиян келтірмейтін, табиғи ортаға бейім материалдарды пайдалану көзделген.
Қазіргі уақытта аталған нысандарды орналастыруға арналған алаңдарды тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар экопарк кіреберісіне аркалы қақпа салу және балалар ойын алаңдарын жабдықтау жұмыстары басталды. Бұл өз кезегінде отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, экопарк пайдалануға берілгеннен кейін Түркістан қаласының экологиялық және туристік әлеуеті арта түседі. Жаңа демалыс аймағы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап қана қоймай, өңірдің тартымдылығын арттыратын маңызды нысандардың біріне айналмақ.
Жалпы, мұндай жобалар «Әділетті Қазақстан» реформасының өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы нақты нәтижелерінің бірі саналады. Табиғатты қорғау, жасыл аймақтарды көбейту және халыққа қолайлы орта қалыптастыру арқылы өңірлердің тұрақты дамуына серпін беріліп келеді.