«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту, соның ішінде ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыру. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Соның айқын көрінісі ретінде Жартытөбе ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды атауға болады.
Биыл Жартытөбе ауылдық округінде маңызды инфрақұрылымдық өзгерістер жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Шолаққорған ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансасынан Жартытөбе, Аққолтық және Бабата елді мекендеріне магистралды газ құбыры тартылып, ішкі көшелерге дейін жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жақын күндері Аққолтық ауылында құбырларға сығымдау жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аталған елді мекендерді көгілдір отынмен толық қамту жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға және әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған маңызды жоба болып табылады. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар кезең-кезеңімен өзге ауылдық аумақтарда да жалғасын табады.
Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. Жиын барысында округ әкімі Данияр Жүсіпов өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобалар кеңінен таныстырылды. Бүгінде Жартытөбе ауылында 10-нан астам кәсіп түрі жолға қойылып, тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасалып отыр.
Аудан басшысы бұл бастамалардың тәжірибесі көршілес мемлекеттер мен еліміздің өзге өңірлеріндегі озық үлгілер негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта мұндай тәжірибені аудан көлемінде кеңінен енгізу көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл өңірлік дамуды теңгерімді жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Тұрғындар елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында биыл да нақты жобалар іске асырылмақ. Жартытөбе ауылындағы атауы жоқ №1 көше мен Аққолтық елді мекеніндегі Бейбітшілік көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл ауылішілік жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Айта кетейік, өткен жылы Жартытөбе ауылдық округінде 25 ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, елді мекендердің келбеті айтарлықтай жаңарды. Жол жөндеу саласында маңызды жұмыстар атқарылып, Аққолтық ауылына дейінгі 3 шақырымдық жол толық жаңғыртылды. Бұл ауыларалық қатынасты жеңілдетіп, логистикалық мүмкіндіктерді арттырды.
Абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Әкімдік ғимараты мен ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтіп, Бабата ауылындағы саябақ көркейтілді. Сонымен қатар жаңа балалар ойын алаңдары салынып, Жартытөбедегі «Астана» саябағына сахна орнатылды. Ардагерлер мен Жастар саябақтары толық абаттандырылып, тұрғындардың демалысына қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптасты.
Спорт инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Жартытөбе ауылында жабық шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, елді мекендерде балалар және спорт алаңшалары орнатылды. Бұл ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар көше жарығы жүйесі жаңартылып, жалпы ұзындығы 4,3 шақырымнан астам жарық шамдары іске қосылды. Елді мекендерге бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артты. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасауда маңызды рөл атқаруда.
Кездесу барысында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өзекті мәселелерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары ел игілігі жолындағы бастамаларға баталарын беріп, қолдау көрсетті.
Аудан әкімі көтерілген барлық мәселелердің бақылауға алынатынын атап өтіп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді. Жартытөбе ауылдық округіндегі бұл жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформасы аясында ауыл инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
