«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру, өңірлік экономиканы күшейту және ауылдық аумақтардың әлеуетін толық ашу болып табылады. Бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктері кезең-кезеңімен іске асырылуда. Соның нақты нәтижелерінің бірі ретінде Түркістан облысы аумағындағы Жартытөбе ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды айтуға болады.
Бүгінде Жартытөбе ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, 10-нан астам кәсіп түрі жолға қойылған. Ауылда өндіріс, өңдеу, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын жаңа бастамалар іске қосылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде ауылдан қалаға көші-қонды азайтуға, жастарды жұмыспен қамтуға және ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етуде.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты. Бұған дейін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес округ әкімі Дания Жүсіпов көршілес мемлекеттер мен еліміздің өзге өңірлеріндегі озық тәжірибелерді зерделеп, олардың тиімді тұстарын жергілікті жағдайға бейімдеп енгізген болатын. Осылайша ауылда кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптасып, жаңа жобалардың іске қосылуына жол ашылды.
Қазіргі таңда ауыл кәсіпкерлері бірігіп, кооператив құру бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсіптерін кеңейтуге ниетті. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарына жеңілдетілген қаржыландыру арқылы өз ісін дамытуға мүмкіндік беріп, ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыруға септігін тигізуде. Бұдан бөлек, алдағы уақытта отандық өнімдерді саудалауға арналған күре жол бойынан арнайы базар ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама жергілікті өнімдердің нарыққа шығуын жеңілдетіп қана қоймай, ауыл кәсіпкерлерінің табысын арттыруға да оң әсер етеді.
Жартытөбеде өндіріс пен қызмет көрсету салаларын қатар қамтыған жобалар ауыл экономикасын әртараптандыруға айтарлықтай серпін беруде. Атап айтқанда, «JARTYTOBE broiler» өндірісі табиғи азықпен өсірілген жоғары сапалы бройлер тауық етін нарыққа шығарып отыр. Бұл өнім жергілікті тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие болуда. Сонымен қатар бөдене еті мен жұмыртқасын өндіру ісі де жолға қойылып, экологиялық таза және құнарлы өнім ретінде танылып келеді.
Сондай-ақ ауылда қолға алынған жаңа бағыттардың бірі – «Хикол» қоян шаруашылығы. Бұл бағытта өсірілетін «Хикол» тұқымы ет бағытындағы жоғары өнімді қояндардың бірі саналады. Олар тез өсіп, сапалы әрі нәзік ет беруімен ерекшеленеді. Қоян еті диеталық өнім ретінде бағаланып, адам ағзасына жеңіл сіңетін тағам түрі ретінде кеңінен қолданыс табуда. Бұл жоба ауылда мал шаруашылығының жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Мал шаруашылығы саласында «Амангелді» шаруа қожалығы бұған дейін қымыз өндірісімен айналысып келсе, қазіргі таңда шұбат өндірісін дамытуға ден қойған. Табиғи шикізаттан дайындалатын ұлттық сусындар өзінің емдік қасиеттерімен ерекшеленіп, ішкі нарықта сұранысқа ие болуда. Бұл ұлттық өнімдерді жаңғырту және дәстүрлі шаруашылықты дамыту бағытындағы маңызды қадам болып саналады.
Ал «Бибарыс» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, табиғи әрі сапалы өнім түрлерін ұсынуда. Балық өсіру саласының дамуы ауылдағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп отыр.
Өңдеу өнеркәсібі бағытында да оң өзгерістер бар. ЖК «Гаухар» жартылай фабрикат өнімдерін өндіруді жолға қойып, жергілікті нарықты қамтып отыр. Ал ЖК «Дамир» нан және макарон өнімдерін шығару арқылы ауыл тұрғындарын күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде. Бұл жобалар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға да әсер етуде.
Инфрақұрылым саласында ZHOMART мекемесі көше жарығын күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты жүргізіп, ауылдың жарықтандыру жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде. Бұл ауылдың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ал құрылыс саласында ЖК «Майусов» термопанель өндірісін қолға алып, заманауи әрі үнемді құрылыс материалдарын ұсынып отыр. Бұл құрылыс сапасын арттырумен қатар, тұрғын үй салу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Сапар барысында аудан әкімі кәсіпкерлермен еркін форматта пікір алмасып, олардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады. Сонымен қатар алдағы жоспарларды пысықтап, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берілді.
