Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСпорт

Түркістанда академиялық есуден ел чемпионаты басталды: Азия кубогына кімдер барады?

Түркістан қаласындағы халықаралық стандарттарға сай бірегей есу арнасында академиялық есуден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде жалауын көтерді. Төрт күнге созылатын додада елдің ең мықты есушілері өзара бақ сынасуда.

Биылғы біріншілікке еліміздің әр өңірінен жиналған 6 команда құрамында 100-ден астам спортшы қатысуда. Олар жарыс барысында 20 бағдарлама бойынша медалдар жиынтығын сарапқа салады.

Бұл доданың спортшылар үшін маңызы өте жоғары. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен саңлақтар Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылданады. Олар 25-26 сәуір күндері Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия кубогында ел намысын қорғау мәртебесіне ие болады.

Жарыстың ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Сұлтанбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сарапшылар мен жанкүйерлер Түркістан облысының намысын қорғайтын тәжірибелі спортшылардан жоғары нәтиже күтеді. Олардың қатарында:

  • Владислав Яковлев

  • Иван Чернухин

  • Роза Кенес

  • Валентина Волкодавова сынды шеберлер бар.

Елшілік дода Түркістанның зәулім есу арнасында 7-10 сәуір аралығында өтеді. Жарыс қорытындысы алдағы күндері белгілі болмақ.