Қазақстанның үш ірі туристік өңірінде – Маңғыстау, Бурабай және Алматыда саланы жүйелі дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, халықаралық деңгейде танымалдықтың артуы мен туристік ағымның көбеюі саланың инвестициялық әлеуетін күшейткен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үш негізгі туристік дестинация – Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы және Маңғыстау туристік аймағы бойынша кешенді даму жоспарлары бекітілген. Бұл құжаттар инфрақұрылым салу, инвестициялық жобаларды іске асыру, туризмді ілгерілету және цифрлық шешімдерді енгізу шараларын қамтиды.
Алматы тау кластерін дамыту аясында жұмыс істеп тұрған шаңғы курорттарын кеңейтіп, оларды біртұтас жүйеге біріктіру көзделіп отыр. Жоба нәтижесінде қосымша 30 аспалы жол мен 161 шақырым жаңа шаңғы трассасы салынбақ. Бұл нысандар қазіргі жүктемені азайтып, жыл бойғы туристер санын 5 миллион адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай шетелдік қонақтар легі шамамен 1,7 миллион адамға жетуі ықтимал.
Ал Бурабай өңірінде туристік ағынды теңгеру үшін Қотыркөл, Кіші және Үлкен Шабақты, Жөкей көлдері маңындағы инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Өткен жылы Бурабай кентіндегі «Променад» аймағында 10 шақырымдық веложол салынды. Сонымен қатар сегіз жаңа көрініс алаңы мен төрт автотұрақ пайдалануға беріліп, экскурсиялық тікұшақ бағыты іске қосылды.
Маңғыстау облысында «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын дамытуға басымдық берілуде. Сондай-ақ бірегей табиғи нысандарға қолжетімділікті арттыру шаралары қарастырылған. 2025 жылы өңірде жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба аяқталып, 110 тұрақты жұмыс орны ашылған. 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын кешенді жоспар қонақүй инфрақұрылымын кеңейтіп, туристер санын қосымша 150 мың адамға арттыруға мүмкіндік береді.
Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсіп, 1 трлн 256 млрд теңгеге жеткен (2024 жылы – 948 млрд теңге). Бұл көрсеткіштер саланың тұрақты даму үрдісін айғақтайды.
