Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

Жаңа дизайн, қосымша қорғаныс: Қазақстан паспорты қалай өзгереді

Қазақстан азаматының паспорты алдағы уақытта жаңартылған дизайнмен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Ведомство жаңа үлгідегі құжаттың бағасы мен қолданыстағы паспорттардың тағдырына қатысты да түсінік берді.

Елімізде 17 жылдан бері өзгеріссіз қолданылып келе жатқан көк түсті паспорттың жаңа нұсқасы әзірлену үстінде. Құжат дизайнының жаңартылатыны жөнінде алғаш рет өткен жылы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин хабарлаған еді. Оның айтуынша, мамандар жаңа тұжырымдаманы әзірлеуге 2025 жылдың ақпанында кіріскен. Жаңа үлгіде Қазақстанның ұлттық ерекшелігі, мәдени көптүрлілігі мен көрікті жерлері көрініс табады деп жоспарланған.

Қазіргі таңда жоба әлі де әзірлеу кезеңінде. ІІМ мәліметінше, дизайн толық дайындалып, бекітілгеннен кейін ғана көпшілікке таныстырылады. Сонымен қатар жаңа паспортты әзірлеу барысында Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ICAO) талаптарына сәйкес қосымша қорғаныс элементтерін енгізу көзделіп отыр.

Айта кетейік, былтыр қолданыстағы паспортқа «Барыс» бейнесі бар HDM элементі енгізілген. HDM (High Definition Metallization) – құжаттарды қорғаудың заманауи технологиясы. Оның бір деңгейі көзге көрінетін белгілер арқылы тексерілсе, екінші деңгейі микроскоп немесе үлкейткіш арқылы ғана анықталады. Бұл тәсіл құжаттың түпнұсқалығын жылдам растауға және жалған жасауды барынша қиындатуға мүмкіндік береді.

«Барыс» бейнесі де кездейсоқ таңдалмаған. Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, бұл образ Қазақстан мен Орталық Азия үшін символдық мәнге ие. Барыс – күштің, еркіндіктің және тектіліктің белгісі. Сонымен қатар ол Қызыл кітапқа енген жануар ретінде ерекше мәнге ие.

Жаңа үлгі енгізілген жағдайда, қазақстандықтарға паспорттарын жаппай ауыстыру талап етілмейді. ІІМ қолданыстағы құжаттар мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болып қала беретінін нақтылады. Яғни азаматтар паспортты тек мерзімі біткенде немесе өз қалауы бойынша ғана ауыстыра алады.

Жаңа дизайнды Ішкі істер министрлігі бекітеді, ал оны әзірлеуге кәсіби дизайнерлер мен мамандар тартылған. Әзірге құжаттың нақты қашан қолданысқа енгізілетіні белгісіз.

Паспорт құнына келсек, әр құжатты дайындау өндірістік және технологиялық шығындарды талап етеді. Алайда ІІМ мәліметінше, жаңа дизайн бекітілген күннің өзінде мемлекеттік баж салығы көлемінде айтарлықтай өзгеріс күтілмейді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 24, 36 және 48 беттік паспорттар рәсімделеді.

– 24 беттік құжат 16 жасқа дейінгі балаларға 5 немесе 10 жыл мерзімге беріледі. Баж салығы – 4 АЕК (биыл 17 300 теңге).

– 36 беттік паспорт 16 жастан асқан азаматтарға 10 жылға рәсімделеді, құны – 8 АЕК (34 600 теңге).

– 48 беттік нұсқа шетелге жиі шығатын азаматтарға арналған, мерзімі 10 жыл, бағасы – 12 АЕК (51 900 теңге).

ІІМ дерегіне сәйкес, 2025 жылы елде шамамен 1,2 млн жаңа паспорт дайындалған. Бұл көрсеткіш соңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары: 2020–2022 жылдары 500–900 мың аралығында болса, 2023 жылдан бері жыл сайын 1 миллионнан асып отыр.

Ведомство өкілдері қазақстандық паспортты қолдан жасау іс жүзінде мүмкін емес екенін айтады. Құжатта халықаралық стандарттарға сай бірнеше қорғаныс элементтері қарастырылған. Дегенмен азаматтарға жеке құжаттарын мұқият сақтау қажеттігі ескертілді, себебі жоғалған паспорттардың заңсыз айналымға түсу қаупі бар.

ІІМ мәліметінше, ұрланған немесе жоғалған құжаттарды заңсыз мақсатта пайдалану әрекеттерінің тиімділігі нөлге тең, өйткені Қазақстан паспорты заманауи қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.