Республикалық референдум қарсаңында ел өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта қоғамдық автобустар мен өзге де көлік түрлері маңызды коммуникациялық алаң ретінде пайдаланылуда.
Қалалар мен облыс орталықтарында қатынайтын автобустар тақырыптық материалдармен безендіріліп, жолаушыларға жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдум жөнінде мәлімет ұсынуда. Мұндай тәсіл ақпаратты кең аудиторияға жеткізіп, азаматтардың күнделікті қозғалысы кезінде түсіндіру материалдарымен танысуына мүмкіндік береді.
Ақпараттық материалдар көліктердің сыртқы бөлігіне де, салон ішіне де орналастырылған. Атап айтқанда, плакаттар, баннерлер және цифрлық экрандар арқылы конституциялық өзгерістердің мазмұны түсіндіріледі. Бұл формат визуалды қамтуды арттырып, аудиториямен тұрақты байланыс орнатуға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта республика бойынша 730 қоғамдық көлік ақпараттық мазмұндағы безендіруден өткен. Осылайша, қоғамдық көлік азаматтарға маңызды қоғамдық-саяси бастамалар туралы мәлімет берудің тиімді құралдарының біріне айналып отыр.
Мамандардың пікірінше, мұндай формат тұрғындарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері туралы ақпаратты қолжетімді әрі көрнекі түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Жолаушылар бұл мәліметтерді жұмысқа, оқуға немесе күнделікті шаруамен жүрген сәттерінде ала алады.
