Түркістан қаласында полиэтилен қаптама өнімдері мен скотч өндіруге маманданған жаңа өндіріс орны жұмысын бастады. «QazEcoPack» ЖШС скотч шығаратын желіні іске қосып, алғашқы өнім партиясын шығарды. Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жоба өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы міндеттер жүйелі түрде орындалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асқан бұл жоба облыстың өндірістік әлеуетін арттыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға ықпал етеді.
Кәсіпорынның құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық бастамаға қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы органдарға алғыс білдіріп, арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Жоба аясында компания бастапқы және қайта өңделген шикізат негізінде полиэтилен қаптама өнімдерін шығаруды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Негізгі мақсат – нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, импорт үлесін қысқарту және қайта өңдеу көлемін ұлғайту.
Инвестициялық жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең аясында жылына 1,5 млн дана скотч өндіру көзделген. Өнімдер Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне де жөнелтіледі.
Екінші кезеңді 2026 жылдың желтоқсанында іске асыру жоспарланып отыр. Бұл кезеңде жылына 350 мың келі стрейч-пленка мен 80 мың дана ауа-көпіршікті пленка шығару қарастырылған. Ал үшінші кезең 2027 жылы жүзеге асырылып, полиэтилен өнімдерінің өндіріс көлемі жылына 500 мың келіге жетпек.
Өндірістің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Алғашқы кезеңде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Келесі кезеңдерде жұмыспен қамтылатындар саны артады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,21 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 1440 шаршы метр аумақтағы өндірістік нысан пайдалануға берілген. Болашақта қосымша 5 760 шаршы метр жерде тағы төрт ғимарат салу жоспарланған.
