Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов және Парламент депутаттары 78460 әскери бөлімінің базасында іске қосылған Sarbaz+ инновациялық бастамасының жұмысымен танысты.
Ресми мәліметке сәйкес, жоба мерзімді әскери қызмет жүйесін жаңғыртуға, Қарулы күштердің тартымдылығын арттыруға және сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған. Қонақтарға бейнеаналитика кешені, Rtel радиобайланыс мамандарын, Ashik Aspan ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын және Eltex технологиялық шешімдерін оқытуға арналған оқу сыныптары көрсетілді.
Жоба аясында мерзімді қызметтегі сарбаздар қосымша білім беру бағдарламаларына қатысады. Атап айтқанда, TechOrda бағдарламасы шеңберінде Astana Hub-пен бірлескен курстар ұйымдастырылып, онда ақпараттық қауіпсіздік, деректерді қорғау және ұшқышсыз жүйелерді басқаруда жасанды интеллект технологиялары оқытылады. Сонымен қатар QLANG платформасы арқылы ағылшын тілі сабақтары өткізіледі.
Сапар барысында Sarbaz+ инфрақұрылымының нысандары да таныстырылды. Олардың қатарында workout алаңдары, стритбол аймақтары, тренажер залы, қоян-қолтық ұрыс клубы және электронды тир бар. Бұдан бөлек, әскери қызметшілерге арналған цифрлық сервистер — «Ай-сұлу» Telegram-боты мен ARMIA.KZ платформасы таныстырылды.
Дәурен Қосанов жобаның негізгі мақсаты заманауи технологияларды енгізу және әскери қызметшілердің кәсіби дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.
Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Sarbaz+ бастамасына оң баға беріп, оны армияны модернизациялауға бағытталған жүйелі қадам ретінде бағалады. Оның пікірінше Sarbaz+ жобасы мерзімді әскери қызмет форматын жаңаша дамытуға бағытталған. Жобаға қатысқан сарбаздар қызмет барысында заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді меңгеріп, запасқа шығарылғаннан кейін еңбек нарығында сұранысқа ие болатын дағдыларға ие бола алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – армияның қазіргі заманға сай бейнесін қалыптастыру және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру. Бұл тәсіл әскери дайындықпен қатар жеке құрамның білімін, кәсіби және техникалық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жоба табысты іске асқан жағдайда, аталған тәжірибені кезең-кезеңімен Қарулы күштердің өзге де әскери бөлімдеріне енгізу жоспарланып отыр. Бұл мерзімді қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге және адами капиталды дамытуға серпін береді деп күтілуде.
